Сотта сол үйде 21 жыл тұратын адам жауап берді.
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy
ERNUR.KZ. Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгінгі отырыста қайғылы жағдай болған үйдің тұрғыны куәгер ретінде жауап берді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Куәгер Валерия Самсонова Тәуелсіздік көшесіндегі тұрғын үйде 2005 жылдан бері тұрады. Үй содан бір жыл бұрын, яғни, 2004 жылы қолданысқа берілген. Қайғылы жағдай болған күні ол үйде болғанын айтады.
«Мен тоғызыншы қабатта тұрамын. Біздің үйдің шатыр жабынымен үнемі мәселе туындайтын. Тұрғын үйді бірнеше жыл басқарған Гүлжауһар Ахметова кезінде үйіме шатырдан су кетіп соттасқан кезім болды», - деді куәгер сотта.
Куәгердің сөзінше, 2025 жылы 8 қарашада қайғылы жағдай болғаннан кейін әкімдік тұрғын үйдің қасбетіне жөңдеу жұмыстарын жасап берген. Алайда осыдан екі апта бұрын үйдің жағдай қайта нашарлаған. Яғни, куәгердің сөзіне сенсек, тұрғын үй бастапқы кезеңнен-ақ дұрыс салынбаған.
«Үйдің сыртқы қасбеті құлағаннан кейін әкімдік бізге көмектесіп, екінші подьездің тұсынан бекітпелер жасап берді. Яғни, фасад кірпіштерін алып тастап, демонтаж жасады. Бұл жұмыстар желтоқсан-қаңтар айларында жасалды. Бірақ осыдан екі апта бұрын дәліздегі қабырғаларда жарықтар мен сызықтар пайда болды. Әсіресе 9 қабатта байқалады. Алдағы уақытта қалай болар екен деп қорқамыз. Тұрғын үйдің сол жақ қасбеті қазір үдейіп барады», - деді ол.
Куәгердің айтуынша, тұрғын үйдің сол жағында балалар алаңы орналасқан. Егер ғимараттың қасбеті тағы құласа, тұрғындар қайғылы жағдай қайталанады деп қорқады. Себебі ғимараттың сыртқы бөлігінде жарықтар мен сызықтардың көлемі артып келеді. Және куәгердің айтуынша, талапқа сай, үйдің қасбетіне кондиционер орнатылмауы керек еді. Қазір сот жалғасып жатыр.
Айта кетейік, фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.
Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.


