Ауыр дертке шалдыққан журналистің еміне тиісті қаражат жиналмай жатыр (видео)

0
1 067

Галина Полевая аяғынан тұрып кету үшін күрделі ота қажет.


Ауыр дертке шалдыққан журналистің еміне тиісті қаражат жиналмай жатыр (видео)

фото: ашықдереккөзден

ERNUR.KZ. Ауыр дертке шалдыққан белгілі спорт журналисі Галина Полеваяның Түркияда емделіп жатқанына жарты жылдай уақыт болды, деп хабарлайды 24.kz.

Осы аралықта дәрігерлер науқастың сүйек кемігін ауыстырып, түрлі медициналық көмек көрсетті.

«Қазір Галинаның жағдайы біршама жақсы, енді екі аяғынан тұрып кету үшін күрделі операция қажет», – дейді мамандар.

Күрделі ота жасату үшін қыруар қаражат керек екені түсінікті. Науқастың ет-жақындары және достары, егер әрбір азамат өз мүмкіндігінше көмек қолын созса, бұл қиындықты да еңсеретіндеріне сенімді.

Алексей Ни, Г.Полеваяның досы: - Біз, зілтеміршілер осы күнге дейін Галинаға қолдау көрсеткен барша адамдарға алғыс айта отырып, әлі де мүмкіндіктеріңіз болып жатса, көмек көрсетулеріңізді сұраймыз. Егер операцияға қажетті қаржы табылып жатса, бәрі дұрыс болады деген ойдамын.

Ол «Хабар» арнасында жүріп қысқы және жазғы олимпиадалардың басы-қасынан көптеген репортаждар жасады. Қазақстандық спортшылардың елге танылуына үлкен үлес қосты. Спорттық журналистикада өзіндік қолтаңбасы бар.

«Мұндай білікті маман арамызға қайта оралып, ел спортының жетістіктерін насихаттауы тиіс», – дейді Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров.

Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиада чемпионы: - Қолымнан келгенше сұхбаттасып, қолымнан келгенше оған көмектесуге тырысамын. Бәріміз де атсалысамыз ғой. Кімнің басына не келмейді. Сондықтан да бүкіл қазақстандықтарға, бүкіл жастарға, спортшыларымызға айтарым, қолынан келгенше жақсылық жасаған жақсы.

Бұған дейін де Галина Полеваяға арналған көптеген қайырымдылық іс-шаралары өткен болатын. Оған елімізге белгілі спорт жұлдыздары қатысып, барлығы шын ықылас-ниеттерін білдіріп жатты.

"Мені Галина Полевая арқылы көп адам естіп-білді. Кейде жарыстан кейін сұхбат беруге мүлде зауқың соқпайды. Өйткені қатты шаршайсың. Осындай сәттерде Галина спортшының тілін таба білетін. Оның осындай керемет қасиеттері менің әлі есімде" - дейді олимпиада чемпионы Илья Ильин.

Жақсылық жасауға асығып тұратын жандар аз емес. Қайырымдылық шараларының нәтижесінде 60 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы жиналған. Бірақ бұл сома күрделі операцияға жеткіліксіз көрінеді. Галинаның туған-туыстары әлі де мейірімді жандардан үлкен үміт күтіп отыр.