Әлеуметтік желіде оқиғаның Алматы қаласында болғаны туралы айтылады.
Фото: бейнежазбадан
ERNUR.KZ. Видеода жолаушы жүргізушіге көлік жүргізіп келе жатып телефон қолдануға болмайтынын айтып, ескерту жасаған, деп жазады inbusiness.kz.
Бірақ, бұл ескертуге жүргізуші құлақ түрмей, "Көзіңді жоғалт!" деп жауап бергені анық естіледі. Осылайша, ол жолаушының қолындағы телефонды тартып алуға әрекет еткен.
Жолаушының телефонға түсіргенін байқаған жүргізуші оны автобустан шығарып жіберуге тырысқан. Десе де, оған шамасы жетпеген соң, автобусты жүргізуден бас тартқан.
Алматы полициясы жанжалға қатысы бар адамдардың жеке басы анықталғанын хабарлап отыр.
– Жүргізушінің әрекетіне заң талаптарына сәйкес принципті құқықтық баға беріледі, – деп қысқа да нұсқа түсіндірді ведомство.
Компания өкілдері оқиға бойынша тексеріс жүргізілгенін, жүргізушіге қатысты ішкі ережелерге сәйкес шаралар қолданылатынын айтқан. Әрі олар болған жағдай үшін жолаушылардан кешірім сұраған.
– Жүргізуші қозғалыс кезінде телефон қолданбауы тиіс. Бұған мүлде жол беруге болмайды. Өз кезегінде жолаушылар да жүргізушінің назарын бөліп, көлікте жанжал тудырмауы керек. Өйткені, бұл барлық жол қозғалысына қатысушының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін, – деп мәлімдеді компания.