Аяқсыз қалуы мүмкін: Астаналық дәрігерлер гангренамен жатқан сәбидің жағдайына байланысты түсініктеме берді

0
2 373

Жамбыл облысының тұрғыны дәрігерлердің немқұрайлығынан баласы мүгедек болып қалуы мүмкін деп айыптаған-ды.


Аяқсыз қалуы мүмкін: Астаналық дәрігерлер гангренамен жатқан сәбидің жағдайына байланысты түсініктеме берді

ERNUR.KZ. Астаналық дәрігерлер қалалық әкімдікте өткен брифингте перифериялық катетер қойғаннан кейін 11 айлық сәбидің аяғы не себепті ісіп, қызарып кеткеніне түсініктеме берді. 11 айлық баланың анасы әлеуметтік желілер арқылы дәрігерлердің салғырттық танытқандығын мәлімдеген болатын, деп жазады Елорда Инфо.

Жамбыл облысының тұрғыны дәрігерлердің немқұрайлығынан баласы мүгедек болып қалуы мүмкін деп айыптаған-ды.

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратына сәйкес, 2018 жылдың желтоқсан айында Жамбыл облысынан 11 айлық сәбиді Астанадағы Ұлттық кардиохирургия орталығына жоспарлы ота жасау үшін келген. Балада туа біткен жүрек ауруы бар. Астанаға жеткен соң пневмониямен ауырып қалғандықтан Ұлттық кардиохирургия орталығына жатқызып, ота жасаудан бас тартылды.

«18 желтоқсан күні 11 айлық қыз бала пневмония диагнозымен Астана қаласының №1 балалар ауруханасына жатқызылды. Емдеу кезінде дәрі-дәрмекті енгізу үшін табанына перифериялық катетер қойылды. Катетер қойылған аумақта терінің қызаруы мен трофикалық өзгерістер пайда болды. Бұл өзгерістер баланың жүрек патологиясынан туындады. Бұл жиі артериялық трамбоз тудырады. Соның салдарынан науқастың аяғына қан айналымы бұзылды», - деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.

Катетерді алған соң консервативті ем жүргізілгенімен, оң нәтиже бермеді. Бала №2 қалалық ауруханасының хирургия бөліміне ауыстырылып, онда екі тәулік болды. Бірнеше рет Астана медициналық университетінің кафедралық қызметкерлері мен Ұлттық ана мен бала орталығының мамандарының қатысуымен консилиум өткізілді.

«Консилиум қорытындысына сәйкес, жүрек патологиясын ескеріп баланы әрі қарай емдеу үшін Ана мен бала орталығына ауыстырылды. Қазіргі күні бала Ұлттық ана мен бала орталығында ем алып жатыр. Жүрек отасы кейінге қалдырылды, себебі пневмония салдарынан хирургиялық араласуға қарсы қатаң көрсеткіштер бар», - деді Ә.Рүстемова.

Айта кетейік, баланың анасы катетерді дұрыс қоймай, салғырттық танытты деп дәрігерлерді айыптаған болатын.

«Науқас 11 айлық бала. Кейбір баланың көк тамырын анықтап катетер қою қиын болады. Аяқтағы қан тамыры қолға қарағанда жақсы дамыған, сол себепті біз кей жағдайда аяққа қоямыз. Балада жүректің ауыр туа біткен ақауы бар. Ондай ақау кезінде тромб түзілу қаупі бар. Тромб көк тамырда емес, артерияда түзілген. Ал базафикс көктамырға қойылған. Сондықтан тромб катетердің салдарынан түзілді деп айтуға келмейді. Катетердің қою техникасы мен оны күту дұрыс жүргізілген», - деді №1 қалалық балалар ауруханасының бас дәрігердің емдеу жұмысы бойынша орынбасары Динат Қожекенов.

Бұған қоса, дәрігерлер нәрестенің анасының пневмонияға Астанаға келіп шалдықты деген сөзін жоққа шығарып отыр.

«Бала Астанаға келе жатқан жолда ауырған шығар деп шешіп отырмыз. Өйткені, бала Астанаға келіп Кардиохирургиялық орталыққа жатуға келгенде балада пневмония болған. Ешқайда жатып үлгерген жоқ. Диагноз орталыққа келгенде анықталды. Пневмония болғандықтан ол кері қайтарылған жоқ, біздің қалалық №1 ауруханаға жатқызылды», - деп қосты Қожекенов.

Дәрігерлердің айтуынша, қазір бала мен оның аяғын аман алып қалу үшін барлық ем шаралар жасалып жатыр.

«Бұл асқыну құрғақ гангрена деп аталады. Табаны немесе бақайларын ампутациялау туралы айтуға ерте, біз табанның өзін немесе бір бөлігін кесіп алып тастау үшін нақты көрсеткішін көріп отырған жоқпыз. Мәселе ашық шешілген жоқ. Науқастың соматикалық мәртебесі алдыңғы орында тұрғанын ескеріп, біз күн сайын кардиохирург, ангиохирург, реаниматологтар және т.б мамандармен консилиум өткізіп тұрамыз», - деді Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығының №1 ортопедия бөлімінің меңгерушісі Болат Нағыманов.

Оның айтуынша, дәрігерлер науқастың табаны мен бақайларын емдеуде кішігірім динамика байқалатынын атап өтті.

«Бүгінгі күні табанның ісігі кішкене қайтып, сол аумақта терінің түсі сәл өзгергені байқалады. Қайталап айтамын, ампутация мәселесі әлі белгісіз», - деп қосты ол.