ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Қымбатты арулар, сіздерді 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын!
Бүгінгі таңда қазақстандық арулар - отбасының ұйытқысы, ошақтың берекесі ғана емес, карьералық жетістіктерге жетіп, бизнесте биік белесті бағындырып, еліміздің егемендігін еңселі етуге зор үлес қосып жатқан белсенді тұлға.
Ер-азаматтарға сенім артып, абырой-атаққа жету жолында үнемі қолдау көрсетіп, төзімділік пен даналықтың символына айналған әйелдер қауымына алғысым шексіз.
Біздің министрлікке қарасты салаларда кезінде көбіне ер кісілер қызмет етсе, қазіргі таңда аэроғарыш өнеркәсібі, телекоммуникация, инновация, геодезия және картография саласында қыз-келіншектердің де қатары артып келеді. Ал «Азаматтарға арналған үкімет» пен ІТ-салада әйелдер қауымы басым десек те болады. Мұны жуырда Astana Hub-та сауатты спикерлер мен өз ісінің шеберлері жиналған Techno Women форумынан да байқауға болады. Осындай заманауи салаларда бәсекеге қабілетті арулардың көбейіп келе жатқандығы керемет емес пе?!
Денсаулықтарыңыз мықты, бақыттарыңыз баянды болсын!»,-деп жазды министр өзінің Facebook парақшасында.