Қайғылы оқиға тапа-тал түсте көпқабатты үйдің дәл алдында болған
ERNUR.KZ. Алматыда басына сүңгі түсіп, сол жерде жан тапсырған әйелдің аты-жөні анықталды, деп жазады Tengrinews.
Қайғылы оқиға қаланың қақ ортасында, тапа-тал түсте болған. Марқұм жаяу жүргіншілерге арналған жолмен медициналық орталыққа бара жатқан беті екен. Төбесінен кесек мұз үзіліп түскен ғимаратты тиісті қызмет бір апта бұрын сүңгіден тазартқанын айтады. Қазір оқыс жағдайға байланысты полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Қайғылы оқиға тапа-тал түсте көпқабатты үйдің дәл алдында болған. 60 жастағы Наталья Шамузова жаяу жүргіншілерге арналған жолмен осындағы медициналық орталыққа массаж жасатуға келе жатқан беті екен. Кенеттен, оның төбесіне алып мұз құлап, әйел сол мезетте жан тапсырған.
"Қайтып келе жатқан кезде дәу мұз құлады. Алыстан көрдім. Келсем миы ақтарылып жатыр", - дейді куәгер Рүстем Төлеміс.
Ажал айтып келмейді десек те, оқиға орнына жеткен марқұмның алыс туыстары Натальядан осылайша айырылып қалғандарына сене алар емес. Шетелде жүрген балаларына қаралы хабарды қалай жеткізулерін білмей дал. Ал ғимараттардан салбырап тұрған мұздарды түсіруі тиіс қызметтегілер осыдан аз уақыт бұрын қайғылы оқиға болған шатырды сүңгіден тазартып кеткендерін айтады.
"Өткен аптада осы үйдің төбесі тазаланған деп "Верный" ЖШС басшысы айтып отыр. КСК-лардың барлығы қыс уақытында міндетті түрде төбелердің барлығын тазалау керек. КСК-ларға жалпы мұз тазаланбаса айыппұл салынады. Осы оқиға бойынша полиция бар, солармен бірлесіп шара қолданамыз", - дейді Бостандық ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жанат Жақсыбаев.
Осылай аудан әкімдігі тазарту жұмыстарын жүргізуге құлықсыз пәтер иелері кооперативтерінің қара тізімін жасап жатырмыз дейді. Ал құзырлы орындар 60 жастағы әйелдің өлімін "жазатайым оқиға" ретінде тіркеп, қазір тексеру жүргізіп жатыр.
"Қарашадағы қақаған аяздан соң, жылымық орнап, қазір қаладағы ғимараттардың шатырынан мынадай сүңгілер салбырап тұр. Төбеден төнген қауіптің бір түрі бұл. Сондықтан тұрғындарға жүріп-тұрғанда, әсіресе үйлердің маңынан өткен абай болуларыңызды ескертеміз", - деді Жанат Жақсыбаев.
Әлеуметтік желілерде қайғылы оқиға түсірілген видео пайда болды. Онда "Сақ болыңыздар! Мұз - әзілдеп қарайтын нәрсе емес! Алматыдағы тотенше жағдай! Жақындарыңызға қауіпсіздік туралы ескертіңіз! - деп жазған ролик авторы.
Еске сала кетейік кеше Алматыда әйел адамның басына мұз кесегі құлап көз жұмған болатын.