Бектенов, Әшімбаев, Қарин: Жоғары лауазым иелері Құрылтай сайлауында дауыс берді

0
41


Бектенов, Әшімбаев, Қарин: Жоғары лауазым иелері Құрылтай сайлауында дауыс берді

Фото: Kazinform
ERNUR.KZ. Қазақстанның жоғары лауазымды шенеуніктері Құрылтай сайлауында дауыс берді. Олжас Бектенов, Мәулен Әшімбаев және Ерлан Қарин Астанада сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады, деп жазады Stan.kz.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов бір палаталы Құрылтайдың депутаттарын сайлауда дауыс берді. Ал Мәулен Әшімбаев Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана ғимаратында орналасқан сайлау учаскесінде дауыс берді. Сайлаудан кейін ол журналистерге пікір білдірді.

“Бүгін тарихи күн. Құрылтай сайлауы өтіп жатыр. Жалпы бұл сайлау мемлекет басшысының кешенді реформаларының жалғасы саналады. Соңғы жылдары президентіміздің басшылығымен бірге Әділетті Қазақстанды құрып келеміз. Ал бұл үдерістегі жаңа кезең, жаңа дәуір биыл наурызда жаңа Конституцияның қабылдануынан басталды. Өздеріңіз білетіндей, Конституцияда еліміздің дамуының жаңа парадигмасы, мемлекеттік билік институттарын ұйымдастырудың жаңа жүйесі қалыптастырылды. Осы жаңа жүйеде бір палаталы Парламент – Құрылтай өте маңызды рөл атқарады”, – деді Мәулен Әшімбаев.

Ол сайлау Әділетті Қазақстанды құру және Конституцияда бекітілген нақты нормаларды жүзеге асыру жолындағы маңызды кезең екенін айтты.

“Азаматтардың осындай ауқымды жұмысты, Әділетті Қазақстан құруға бағытталған үлкен реформаларды қолдауы және сайлау учаскелеріне барып, дауыс беруі өте маңызды. Бұл азаматтарымыздың құқығы ғана емес, азаматтық жауапкершілігі де. Сонымен қатар әр азаматтың жаңа, әділетті, демократиялық әрі әлеуметтік Қазақстанды құруға өз үлесін қосуына мүмкіндік береді”, – деді ол.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, бұл сайлау ерекше әрі мемлекет үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан бүгін қазақстандықтардың азаматтық белсенділік танытуы маңызды.

Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Астанадағы сайлау учаскелерінің бірінде Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс берді. Ол Құрылтай сайлауының маңызна тоқталып, президент реформаларының елдің саяси жүйесіне жаңа серпін беріп жатқанын айтты.

“Шын мәнінде, тарихи оқиғаның куәсі әрі қатысушысы болып отырмыз. Бұл Қазақстан тарихындағы жаңа заң шығарушы институт – Құрылтайдың алғашқы сайлауы. Құрылтай сайлауының маңызы институционалдық қайта жаңғырумен және принципті түрде жаңа саяси модельге көшумен байланысты. Алайда ең маңызды өзгеріс қоғамдық саясаттың мазмұнына қатысты”, – деді Ерлан Карин.

Оның айтуынша, президенттің реформалары қоғамдық үдерістерге жаңа серпін беріп, жаңа тұлғалар мен күштердің пайда болуына жол ашып отыр. Сонымен қатар қоғамдық күн тәртібі де өзгеруде.

“Сондықтан бұл реформалар ауқымы мен қарқыны жағынан соңғы онжылдықтардағы еліміздің ең ірі жаңғыруына айналды. Бұл өзгерістер тек біздің ел үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін де маңызды”, – деді Ерлан Карин.