Бестеректегі трагедия: қаза болған екі бала ата-әжесіне қонаққа келген

0
84

Белгілі болғандай, қайғылы оқиғадан зардап шеккендер екі отбасының балалары.


Бестеректегі трагедия: қаза болған екі бала ата-әжесіне қонаққа келген

ERNUR.KZ. Абай облысының Үржар ауданында көлік соғып қайтыс болған үш баланың екеуі басқа ауылдан ата-әжесіне қонаққа келген, деп жазады sputnik.kz.

Қайғылы оқиға салдарынан 2-7 жас аралығындағы үш бала көз жұмды. Сондай-ақ 6-9 жас аралығындағы тағы үш бала жарақат алып, қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында қажетті медициналық көмек алып жатыр, дейді әкімдіктегілер.
"Белгілі болғандай, зардап шеккендер екі отбасының балалары. Қайтыс болған үш баланың екеуі Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылынан ата-әжелеріне қонаққа келген, біреуі Үржар ауданының тұрғыны. Жарақат алған үш баланың екеуі Үржар ауданынан, біреуі Жарма ауданынан екені белгілі болды", - деп жазылған хабарламада.
Облыс әкімдігі тарапынан қаза болған балалардың отбасыларына жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетілетінін хабарлады. Сонымен қатар психологиялық және материалдық көмек те беріліп жатыр.
Қазір оқиға орнында облыс әкімінің орынбасарының үйлестіруімен арнайы жұмыс тобы құрылған. Жағдай облыс басшылығының ерекше бақылауында.
Еске салайық, Абай облысы Үржар ауданында "Тойота" көлігінің 55 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдан 10 метр жерде қақпаның жанында ойнап жүрген балаларды соқты. Салдарынан үш бала қаза тапты, тағы үшеуі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсету үшін қорғаныс министрлігінің әскери авиация ұшағының бортымен Абай облысына медициналық бригада жіберілді. Оның құрамында нейрохирург, травматолог және реаниматолог бар.