Сондай-ақ отбасының әр мүшесіне тиесі үйдің аумағы 120 шаршы метрден асуы тиіс.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қандай отбасылар әл-ауқаты жоғары отбасы болатынын түсіндірді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Министрліктің ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Қазақстандағы отбасының цифрлық картасы үй шаруашылықтары мен отбасылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын анықтауға арналған. Бұл жердегі үй шаруашылығы дегеніміз – бір үйде ресми түрде тіркелген, бір үйде тұратын отбасы мүшелері.
Міне, министрліктің ақпаратына сүйенсек, осы Отбасының цифрлық картасына 6,2 млн отбасының мүшелері туралы, яғни, Қазақстандағы 20,6 млн халықтың мәліметі жиналады.
Осы карта әр отбасының цифрлық бейінін қалыптастырып, әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтап, оларды бес санатқа бөледі.
- А санаты – өте ауқатты отбасылар;
- В санаты – ауқатты отбасы;
- С санаты – әл-ауқат деңгейі қанағаттанарлық (жәрдемақы төленеді);
- D санаты – экономикалық тұрғыдан осал деңгейдегі отбасы (жәрдемақы төленеді);
- Е санаты – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал деңгейі (жәрдемақы төленеді).
Еңбек министрлігі түсіндіргендей, отбасының қай санатқа жататыны бір ғана көрсеткішке қарап анықтала салмайды. Олардың әл-ауқаты 59 көрсеткіш және 8 негізгі бағыт бойынша бағаланады.
«Мысалы, А санатына әл-ауқаты жоғары отбасылар жатады. Бұл санаттың өлшемдерінің бірі отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыстың күнкөріс деңгейінің 7 есесіне тең немесе одан жоғары болуы. Бұл шамамен 350 мың теңге және одан да көп соманы құрайды. Сонымен қатар, бұндай отбасының үйі отбасының әр мүшесіне шаққанда 120 шаршы метр. Олардың коммерциялық жылжымайтын мүлкі, ірі, орта немесе шағын бизнесі, сондай- көліктері де ескеріледі», - деп түсіндірген Еңбек министрлігі.
Баса айта кетерлігі, Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтер, яғни, отбасының қай санатқа жататыны ай сайын қайта есептеліп тұрады. Осылайша, отбасының жағдайы туралы мәліметтер үнемі жаңарып отырады.
Демек, Отбасының цифрлық картасындағы бағалау бір рет жүргізіліп, ұзақ уақытқа бекітілмейді. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер өзгерген сайын, олар картаға автоматты түрде жаңартылып отырады.
Мәселен, отбасының табысы азайса, мүлкі сатылса, отбасы мүшелерінің саны артса немесе басқа да ескерілетін жағдайлар өзгерсе, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайы қайта бағаланады.
«Егер азамат отбасының құрамы немесе әлеуметтік әл-ауқат санаты дұрыс анықталмаған деп есептесе, тұрғылықты жері бойынша Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаментіне немесе әкімдіктің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына жүгіне алады», - деп ескертіп отыр министрлік.


