«Біреуінің жағдайы ауыр»: Шахтадан аман шыққан кеншілердің жағдайы айтылды

0
538

Медициналық мекемелерде 27 адам жатыр.


«Біреуінің жағдайы ауыр»: Шахтадан аман шыққан кеншілердің жағдайы айтылды

ERNUR.KZ. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Костенко шахтасындағы апаттан зардап шеккен кеншілердің денсаулығы туралы мәлімет берді, деп жазады ulysmedia.kz.

Оның айтуынша, медициналық мекемелерде 27 адам жатыр.

«Біреуінің жағдайы ауырға жақын, 24-і орташа және екеуі бірқалыпты. Барлық пациенттер қажетті медициналық көмек алып, оңалтудан өтіп жатыр. Қаза тапқан әрбір кеншінің отбасына меморгандардың басшылары мен депутаттар бекітілді», - деді облыс әкімі.

Әкім қаза тапқан кеншілердің кейбірі отбасындағы жалғыз асыраушы болғанын атап өтті.

«Көпбалалы отбасылар, сондай-ақ, жалғыз асыраушысы және кәмелетке толмаған баласы бар отбасылар анықталды. Қаза тапқандардың ипотека және басқа да несиелері мен тұрғын үй жағдайы туралы ақпарат жиналды. Қаза тапқандардың отбасына мемлекет тарапынан материалдық көмектің барлық түрі түсіндіріліп жатыр. «АрселорМиттал Теміртау» жерлеу шығынын ұйымдастыру және төлеу бойынша міндеттемесін орындап жатыр. Компанияның қалған міндеттемелері кезең-кезеңімен орындалады. Оны облыс әкімдігі бақылауда ұстайды. Зардап шеккендер және олардың отбасына қажетті көмек дереу көрсетіліп жатыр», - дейді Ермағанбет Бөлекпаев.

Еске салайық, 28 қазанға қараған түні «АрселорМиттал Теміртау» кенішінде жарылыс болды. Жарылыс кезінде шахтада 252 адам болған, 206 кенші жер бетіне шықты, қалғандары жер астында қалып қойды.