Биыл 23 микроқаржы ұйымы мен 35 коллекторлық агенттіктің қызметі тоқтатылды

0
936

Президентке халықтың шамадан тыс кредит алуын шектеу шаралары туралы ақпарат берілді.


Биыл 23 микроқаржы ұйымы мен 35 коллекторлық агенттіктің қызметі тоқтатылды

ERNUR.KZ. Биыл 23 микроқаржы ұйымы мен 35 коллекторлық агенттіктің қызметі тоқтатылды, деп жазады Sputnik.kz.

Бұл туралы президентке есеп берген қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.
Оның айтуынша, жалпы микроқаржы және коллекторлық ұйымдардың қызметіне қойылатын талап күшейді.
Президентке халықтың шамадан тыс кредит алуын шектеу шаралары туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, микрокредиттердің сыйақы мөлшерлемесі төмендетіліп, борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу тәсілі қатаңдатылды. Сондай-ақ банктер мен микроқаржы ұйымдарының (МҚО) проблемалық кредиттермен жұмыс істеу жөніндегі жеке жоспарлары қабылданды.
Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, банктердің активтері жыл басынан бері 14,4 пайызға өсіп, 43,1 триллион теңгеге жеткен.
Халықтың салымдары 16,8 пайызға немесе 15,7 триллион теңгеге дейін көбейген. Сонымен қатар экономиканы кредиттеу ісін ынталандыру мақсатында агенттік капитал босатуға және өтімділікке қатысты реттеу шараларын қабылдап, кепілзат саясатына қойылатын талаптарды жеңілдетті.
Нәтижесінде экономиканы кредиттеу көрсеткіші жыл басынан бері 20,1 пайызға немесе 22,2 триллион теңгеге дейін артты. Оның ішінде бизнесті кредиттеу көлемі 7,3 пайызға немесе 8,3 триллион теңгеге дейін өскен, сондай-ақ шағын және орта бизнесті кредиттеу көрсеткіші 8,6 пайызға немесе 4,9 триллион теңгеге дейін ұлғайған.
Кездесу соңында мемлекет басшысы қаржы нарығын реттеу ісін одан әрі дамытуға және осы салада тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар міндет жүктеді.