Ол ауру жұқтырмаудың жолдарын айтты.
ERNUR.KZ. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сібір жарасының таралуы жайлы айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Биыл күйдіргі ауруының (сібір жарасы) расталған 37 жағдайы тіркелді,оның ішінде 19 жағдай Жамбыл облысында, 15 жағдай Ақмола облысында, 3 жағдай Қарағанды облысының Абай ауданында тіркелді. Бүгінгі таңда стационарда 3 науқас ем алуда. Күйдіргі ауруының барлық жағдайында ауру жұқтыру себебі ауырған жануарларды мәжбүрлі союға және етін бөлшектеуге, тасымалдауға, сақтауға және кәдеге жаратуға қатысудан болған», - деді Есмағамбетова.
Оның айтуынша, ауруды жұқтыру көзі ветеринариялық куәліксіз сойылған ауру мал болған.
«Күйдіргі ауруы адамнан адамға берілмейді», - деді ол.
Күйдіргі ауруының алдын алу мақсатында халыққа мынадай кеңес береміз:
- ет және ет өнімдерін өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау жүзеге асырылатын рұқсат етілген сауда орындарында (ресми базарларда, дүкендерде, сауда орталықтарында) ғана сатып алу;
- кездейсоқ адамдардан ет пен ет өнімдерін сатып алмау;
- тамақ дайындау кезінде шикі ет өнімдерінің дәмін татып көрмеу,
- ет пен ет өнімдерін мұқият қайнату және қуыру;
- үй жануарларына күтім жасау кезінде жеке қорғаныш құралдарын қолдану;
- егер ауру жануарлармен байланыста болғаннан кейін (күтім жасау, сою, бөлшектеу және т. б.) жоғары температура, терінің қызаруы, жаралар пайда болса, шұғыл түрде жақын жердегі медициналық ұйымға медициналық көмекке жүгіну керек.
- өзін-өзі емдеуге болмайды, өйткені ол аурудың асқынуына әкелуі мүмкін және өлім қаупін арттырады;
- жануарларды алдын ала ветеринариялық тексеруден кейін ғана сою;
- үй жануарларына күйдіргіге қарсы профилактикалық вакцинация жүргізу.


