Биыл Қазақстанда қай жолдар ақылы болады?

0
462

Республика бойынша 7 ақылы бекет бар.


Биыл Қазақстанда қай жолдар ақылы болады?

ERNUR.KZ. «Қазавтожол» АҚ Ақылы автомобиль жолдарының бөлім бастығы Арман Ещанов биыл қай жолдар ақылы болатынын айтты, деп жазады baq.kz.

Қазір Қазақстанда 4 ақылы автожол бар. Олар: «Алматы-Қорғас», «Алматы-Қапшағай», «Нұр-Сұлтан-Теміртау», «Нұр-Сұлтан-Щучье». Ақылы жолдардың тарифі жеңіл көліктерге шақырымына 1 теңге болса, салмағы 15 тоннадан асатын жүк көліктері шақырым үшін 25 теңге төлейді,-деді ол.

Ещанов атағандай, жоспардағы ақылы болатын жолдарға да осы тариф сақталады.

Тарифтер 2013 жылы бекітілді. Сол уақыттан бері ол өзгертілмеді. Биыл ақылы болатын жолдарға да осы тариф сақталады. Жоспарда тарифті өзгерту мәселесі тұрған жоқ. Жол бекеттерінде ақы төлеудің 20-дан астам әдісі бар. Пунктке келгенде қолма-қол ақша арқылы, алдын ала екінші дәрежелі банктердің қосымшалары, терминал мен SMS арқылы төлеуге болады. Сондай-ақ «Қазавтожолдың» өзі жасақтаған арнайы қосымшасы бар. Онда бағытты анықтау арқылы төлемді есептеп шығаруға болады,-деді Ещанов.

Оның айтуынша, тариф жол учаскесіндегі аймақтарға қатысты белгіленеді. Әр аймаққа кіру бойынша тариф бекітілген.

«Нұр-Сұлтан-Теміртау» бағыты учаскесінен тәулігіне 8-9 мың, «Нұр-Сұлтан-Щучье» бағыты бойынша 6-7 мың, «Алматы-Қапшағай» бағытында 10-12 мың көлік, «Алматы-Қорғас» бағыты бойынша күніне 5-6 мың көлік жүреді,-деді ол.

Арман Ещанов атағандай, биыл I кезеңде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» бағытындағы жол учаскелері ақылы болады.

Оған «Шымкент-Ташкент», «Шымкент-Қызылорда», «Тараз-Қайнар», «Тараз-Шымкент», «Нұр-Сұлтан-Павлодар», «Қапшағай-Талдықорған» бағытындағы жолдар кіреді. Бұл бағыттарға да бекітілген тариф жүзеге асырылады,-деді Арман Ещанов.

Оның айтуынша, тұрғындар тарапынан ақылы жолдарға қатысты түсінбеушіліктер болған.

Тариф бойынша түсінбеушілік туындады. Көбі II-III санаттағы жолдарда да I санаттағыдай жүк көліктеріне 25 теңге төлем енеді деп ойлады. Алайда бұл олай емес. Тұрғындар тарапынан сұрақ туындаса, біздің call-орталыққа хабарласа алады,-деді ол.

Айта кетейік, республика бойынша осындай 7 ақылы бекет бар.