Елімізде балаларға 6 республикалық орталық, 26 балалар ауруханасы және 75 балаларды оңалту орталығы медициналық көмек көрсетеді.
ERNUR.KZ. Биыл тағы 12 оңалту орталығын ашу жоспарда бар. Балалар туылған сәттен бастап туа біткен гипотериоз, фенилкетонурия ауруларын анықтау үшін неонаталдық, есту қабілітінің бұзылуын анықтау үшін аудиологиялық, денсаулығына жоғары қауіп бар жаңа туылған нәрестелер арасында көздің тор қабығының патологиясын анықтау мақсатында офтальмологиялық және дамуында бұзылыстары бар балаларды анықтауға бағытталған психо-физикалық 4 түрлі скрининг жүргізіледі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті директорының міндетін атқарушы Майра Бейсен ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында хабарлады.
Оның айтуынша, балалар денсаулығын нығайту мақсатында жыл сайын 0-ден 18 жасқа дейінгі 4,5 млн бала міндетті түрде профилактикалық тексерулерден өтеді.
«ЮНИСЕФ-тің халықаралық ұсынымдарына сәйкес медициналық және әлеуметтік сипаттағы тәуекелдерді ерте анықтау үшін балаларды ерте жастан сапалы медициналық бақылаумен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда 2017 жылдан бастап әмбебап прогрессивті патронажды бақылау қызметі моделі іске асырылуда. Сәби перзентханадан шыққаннан кейін алғашқы 3 күнде аймақтық қызмет мамандары - дәрігер мен мейірбикенің тарапынан міндетті патронаждық бару жүзеге асырылады. Патронаж қызметінің нысаналы тобына 5 жасқа дейінгі балалары бар отбасылар кіреді, шамамен 2 млн бала жыл сайын қамтамасыз етіледі», – деді спикер.
Министрлік 2025 жылдың наурыз айынан бері «Құрсақтан бастап 2 жасқа дейінгі 1001 күн» бағдарламасын жүзеге асыруда. Бағдарлама ата-аналарға ерте жастағы баланың күтімі бойынша кеңес беруді, дамудың үйлесімділігін бағалауды қамтиды. Даму бұзылыстары анықталған жағдайда 6 жасқа дейінгі әр балаға «диагнозға дейін, мүгедектікке дейін» қағидатымен араласу бойынша жеке бағдарлама енгізді.
Осы мақсатта 2025 жылы 40-қа жуық даму және ерте араласу орталығы ашылды. Жыл соңына дейін олар барлық емхананың жанында құрылатын болады. Сондай-ақ биылдан бастап даму педиатриясы енгізілуде. Барлық бала 12 инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы міндетті егу шараларымен тегін қамтылады.