БҚО-да қарасан ауруына қарсы дәрі егілген малдар өліп жатыр

0
880

Фермерлер белгісіз індеттен жүз шақты малдың қырылғанын айтады.


БҚО-да қарасан ауруына қарсы дәрі егілген малдар өліп жатыр

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында қарасан ауруына қарсы егілген ірі қара малы өліп жатыр, деп жазады inform.kz.

Бөрлі ауданы шаруа қожалықтары қауымдастығының төрағасы Бақыт Далабаевтың айтуынша, мал қарасанға ұқсас белгілермен өлуде.

Оның сөзіне қарағанда, мұндай жағдай тек осы Бөрлі ғана емес, облыстың басқа да аудандарында, тіпті республикада кездесіп отыр.

Фермерлер белгісіз індеттен жүз шақты малдың қырылғанын айтады. Ауру мал алдымен ақсаңдап, келесі күні ісік пайда болып, құлайды.

«Мұның бәрі малмен күн көріп отырған ауыл тұрғындарына қиын тиюде. Мал шығынын өтеу қажет деп есептеймін. Сонымен қатар ауру мал етінің базарларға шығып кетпесіне кім кепілдік береді? Осы орайда ветеринар мамандар шындықты айтуы тиіс», - дейді Б.Далабаев.

БҚО ветеринария басқармасынан түскен ақпаратқа қарағанда, Бөрлі ауданында барлығы 13 бас ірі қара төлі шығынға ұшыраған.

Биылғы 4 қыркүйекте Бөрлі ауданы Қарақұдық ауылдық округіне қарасты «Руслан» шаруа қожалығында 7 бас ірі қара малы төлінің өлімі тіркелген. Сол күні ветеринар мамандар өлген 3 бас малдан материал алып, ол қарасан ауруы деген күдікпен облыстық ветеринариялық зертханаға жолданды. Алайда зерттеу қорытындысы бойынша диагноз расталмады.

Басқармадан мәлім еткеніндей, сондай-ақ Қарағанды ауылдық округі тұрғындарының 7 бас ірі қара төлі ауырып, соның алтауы өліп, біреуі жазылды. Өлген малдардан патологиялық материал алынып, қарасан ауруына деген күдікпен облыстық ветеринариялық зертханаға 31 қазанда және 3 қарашада жіберілді. Зерттеу қорытындысы күтілуде.

«Мал өлімінің тіркелуіне байланысты облыстық ветеринариялық инспекция және ветеринария басқармасының басшылары Бөрлі ауданына барып, ауыл шаруашылығы жануарларын қарады. Тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бөрлі ауданы аумағында 3 айлық бұзаудан бастап 4 жасқа дейінгі ірі қара малдары қарасан ауруына қарсы егілген. Егу жұмыстарына «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорны шығарған биопрепарат қолданылуда. Осы препараттың тиімділігін зерттеу үшін ветеринариялық инспекция мамандарымен қолданыстағы вакцина алынып, ветеринариялық ұлттық референттік орталыққа жолдануда. Эпизоотиялық ахуал толықтай ветеринар мамандарымыздың жіті бақылауында. Ауыл тұрғындары малда ауру белгілері пайда болғанда немесе өлген жағдайда дереу ветеринариялық қызметке хабарлауы керек» деп хабарлады ведомстводан.