Эльмира Төлегеноваға мүлкін тәркілей отырып, 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Фото:Tengrinews.kz
ERNUR.KZ. Бүгін, 27 сәуірде Астанада блогер Эльмира Төлегеноваға сот үкімі шықты, деп жазады tengrinews.kz.
Эльмира Төлегеноваға мүлкін тәркілей отырып, 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеу белгіленді. Сонымен қатар жазаны орындау 2 жылға кейінге қалдырылды.
Бұл оған нақты жаза берілгенін білдіреді, алайда ол колонияға бірден жіберілмейді.
Ал оның күйеуі Ерболат Жанәбіловке мүлкі тәркіленіп, екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бұған дейін мәміле шарттары бойынша прокурор Ерболат Жанәбіловке екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын мүлкін тәркілей отырып тағайындауды, ал Эльмира Төлегеноваға жазаның орындалуын екі жылға шегере отырып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұрағаны хабарланған болатын.
Сондай-ақ сотта прокурор Олжас Хайруллаев сотталушылардың өз еркімен мүліктік залалды өтегенін хабарлады, оның мөлшері – 247 653 229,5 теңге. Оның айтуынша, бұл сома толығымен өтелген.
Еске салайық, бұған дейін сотталушы өзінің соңғы сөзінде сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін прокурормен мәміле жасасу туралы өтінішхат берді.
"Өз құқығымды пайдалана отырып, сіз кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процестік келісім жасасу туралы өтініш бергім келеді. Процестік келісімнің барлық шарттары бізге түсіндірілді", - деді Төлегенова.
Судья бұл өтінішті сот тергеуі аяқталғанға дейін беру керек екенін ескертті. Алайда қорғаушы тарап сотталушылардың мұндай өтінішті процестің кез келген кезеңінде беруге құқылы екенін алға тартты. Нәтижесінде төрағалық етуші түскен өтінішті қарау үшін прокурорға бір сағат уақыт берді.
Айта кетейік, Жанәбіловтер отбасы 23 ақпанда сотта соңғы сөзін айтуы керек еді, бірақ олардың адвокатының сөзінше, Төлегенова денсаулығына байланысты келме алмаған.
Жанәбіловтерге қандай айып тағылды?
Танымал блогерлерге Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы "Заңсыз кәсіпкерлік" және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)" бойынша айып тағылған.
Прокурор алғашқыда қандай жаза сұраған еді?
Сот жарыссөзі барысында мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаев екі сотталушыны да тағылған барлық бап бойынша кінәлі деп тануды және мүлкін тәркілей отырып, ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Бұл ретте Эльмира Төлегенованың кішкентай балалары болуына байланысты оған қатысты үкімнің орындалуын бір жылға шегеру ұсынылды.
Блогер Жанәбіловтердің соты
16 наурызда Астанада елордалық блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың ісі бойынша басты сот талқылауы басталды. Ерлі-зайыпты сот отырысы кезінде журналистердің видео және суретке түсіруіне қарсы шықты.
"Үлкен балам мектепке барады, балама жеке өмірімізге қатысты орынсыз сұрақтар қойылады", - деп Төлегенова мұндай шешімнің себебін журналистерге түсіндірді.
Блогерлердің адвокаты сот талқылауын жабық режимде өткізу туралы өтініш білдірді, прокурорлар бұған қарсылық білдірді. Нәтижесінде сот өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Сондай-ақ сот отырысы кезінде Жанәбіловтердің адвокаты соттан істі прокурорға қайтаруды сұрады.
Бұған дейін сотта прокурордың аға көмекшісі Олжас Хайруллаев айыптау актісін оқыды. Онда акциялар аясында көрсетілген ұтыстар пен сыйлықтар қатысушылардың ақшасына сатып алынғаны, алайда жарнамада ұтыс қоры ұйымдастырушылардың өз қаражаты есебінен қалыптасқандай көрсетілген. Тергеу мәліметі бойынша, акциялар өткізілген кезеңде жобамен байланысты есепшоттарға 247 миллион 653 мың теңге түскен.
22 сәуірде Астана сотында сот тергеуі аяқталды. Блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың ісі бойынша жарыссөз барысында прокурор оларға нақты жаза мерзімін сұрады.
Еске сала кетейік, 14 сәуірде сотта блогер Эльмира Төлегенова кінәсін ішінара мойындады. Бұған дейін процесс барысында блогер Ерболат Жанәбілов жауап берген. Ол да сотта кінәсін ішінара мойындап, көзіне жас алған болатын.
"Мен неге дәл біз екенін түсінбеймін. Бұл ата-анамызға өте ауыр тиіп жатыр. Мен түсінбеймін: бәлкім, біреудің жолын кескен шығармыз? Менің орнымда кез келген адам болуы мүмкін. Бүгін болмаса, ертең. Мен тіпті жауларыма да мұндай жағдайға тап болып, сот алдында тұруды тілемеймін", - деді ол.


