Бурабайда швейцариялық стандарт бойынша туристік маршрут ашылады

0
1 022

Щучинск – Бурабай курортты аймағындағы швейцариялық стандарты бойынша «Burabay - Switzerland» туристік маршруттың алғашқы белгісі Бурабайдағы Абылай хан алаңында орнатылды.


Бурабайда швейцариялық стандарт бойынша туристік маршрут ашылады

ERNUR.KZ. Щучинск – Бурабай курортты аймағында швейцариялық стандарт бойынша«Burabay - Switzerland» туристік маршрут пайда болады. Осы мақсатта Ақмола облысының туристік саласы мен билік органдарының өкілдері және Швейцариядан келген қонақтар арнайы белгі тақтайша орнатты, деп жазады baq.kz.

Салтанатты шара швейцарияның ұлттық музыкалық аспабымен орындалған сазды әуенімен ашылды. Сонымен қатар, қазақтың қара домбырасымен күй орындалды. Жиналған жұрт алдында құттықтау сөз сөйлеген екіжақты әріптестік байланыстың нығайып келе жатқанын атап өтті.


«Бүгін біз «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мен «Switzerland Tourism» компаниясы арасында әріптестік туралы қол қойылған меморандум шеңберінде алғашқы қадам жасап отырмыз. Біздің екіжақты әріптестігіміздің басты мақсаты, екі ел арасында тәжірибе алмаса отырып, туризмді дамыту және туристер санын арттыру. Осы ретте, біздер үшін «Қазақстандық Швейцария» аталатын Бурабай курортында бірлескен жобаны жүзеге асыру өте қолайлы. Қазақстанда ұзақ жылдар бойы Швейцарияның қырықтан астам компаниясы жұмыс істеп келеді. Швецарияда оқитын қазақстандық студенттердің 95 пайызы «Қонақүй туризмі» мамандығы бойынша білім алуда. Алдағы уақытта да екіжақты әріптестік байланысты дамыта беретін боламыз. Ол үшін барлық мүмкіндік бар», - деді ҚР-дағы Швейцария конфедерациясының төтенше және өкілетті елшісі Урс Шмид .

Айта кетейік, Щучинск – Бурабай курортты аймағындағы швейцариялық стандарты бойынша «Burabay - Switzerland» туристік маршруттың алғашқы белгісі Бурабайдағы Абылай хан алаңында орнатылды.

Болашақта аталмыш меморандум аясында швейцариялық тарап Қазақстанның ұлттық саябақтары мен таулы жерлерінде жыл бойына туризмді дамытуға атсалыспақ. Әсіресе, шаңғы инструкторлары мен тау гидтерін даярлауда швейцариялық стандартты енгізу және бейімдеу қарастырылып отыр.

Бұдан басқа, екіжақты тур өнімдерді жылжыту, ақпарат алмасу және халықаралық әріптестікті дамыту көзделген.