Сәби 2 наурыз күні Семейде туған.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ Семейде «дәрігерлер күйдірді» деген нәресте өте сирек кездесетін генетикалық дертке шалдыққан болуы мүмкін. Қазір Астанадағы Ана мен бала орталығының мамандары оның күйік жарақатын алмағанын анықтады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Кішкентай Әли 2 наурыз күні дүниеге келген. Ата-анасы өмірге аман-есен келген төртінші сәбиін дәрігерлер оңдырмай күйдіріп алды деп шу шығарған болатын. Себебі, семейлік ақ халаттылар алғашында анасына шақалақтың жылытуға арналған төсенішке күйіп қалғанын мойындаған көрінеді. Тіпті, олар дәрігерлер мұны тәулік бойы жасырып, тіс жармағанын да алға тартты. Артынша, медицина қызметкерлері сәбиді «күйдірмедік, бұл тұқым қуалайтын дерт болуы мүмкін» деп ақталды. Осылайша ана мен бала бірден санавиациямен Астанаға жеткізілді.
Қазір нәрестені жан-жақты тексеріп жатыр. Алайда Ана мен бала орталығының дәрігерлері оның күймегеніне сенімді. Бірақ нақты қандай дертке шалдыққанын әзірге анықтай алмай отыр.
«Бізде алдын ала болжам бар. Балаға тромбогеморрогия синдромы диагнозы қойылды. Яғни, сәбидің жағдайы қан кетудің бұзылуымен байланысты болуы мүмкін. Қазір қажет ем-дом жүргізіліп жатыр. Бұл өте сирек кездесетін дерт. Оның белгілері күйік жарақатына ұқсас болады. Әзірге баланың жағдайы ауыр», - дейді Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары Талғат Ибраев.