Денсаулық сақтау саласын цифрландыру жобаларының арқасында қаражат үнемделіп, жүйедегі ашықтық қамтамасыз етілді

0
114

Астана мен Алматы қалаларында жедел жәрдем қызметкерлері үшін бейнежетондарды пайдалану бойынша пилоттық жоба іске қосылды.


Денсаулық сақтау саласын цифрландыру жобаларының арқасында қаражат үнемделіп, жүйедегі ашықтық қамтамасыз етілді

ERNUR.KZ. Қазірдің өзінде олар 3 мыңнан астам сапар кезінде пайдаланылды. Нәтижесінде медициналық қызметкерлер мен пациенттер арасында жанжалдар саны азайды. Сондай-ақ Yandex Qazaqstan-мен бірлесіп, Астана тұрғындарына жедел жәрдемнің нақты уақыттағы орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік беретін жоба іске қосылды. Бұл қайталанатын қоңыраулардың санын 40%-ға дейін азайтты. Ол жайлы ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов ОКҚ алаңындағы баспасөз мәслихатында хабарлады.

Сонымен қатар Apple-мен уағдаластықтардың арқасында Қазақстанда есту қабілеттері бұзылғандарға, апноэ эпизодтарын бақылауды қоса алғанда, денсаулық мониторингі функциялары қолжетімді болды. Бұл өзін-өзі басқару мүмкіндіктерін кеңейтеді және проблемаларды ерте анықтауға көмектеседі. Дәрі-дәрмектерді таңбалап, оларды науқастарға беру бағытында да біршама оң өзгеріс бар.

«Біз фармацевтикалық нарықтың барлық қатысушыларын ДЗ таңбалау жүйесіне біріктіруді аяқтадық. Жүйеде қазірдің өзінде 36 отандық өндіруші және дистрибьюторлар, 8 мыңға жуық дәріхана және 1900-ден астам медициналық ұйым жұмыс істейді. 360 млн астам дәрі-дәрмек таңбаланған. Жүйе жалған өніммен күресуге көмектеседі және 2025 жылдың 1 тоқсанында дәрілік заттар нарығына қатысушылардың айналымын 15%-ға арттырды», – деді спикер.

Өткен жылдың қараша айынан бастап пациенттер «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында дәрі-дәрмек алуда. Тұтастай алғанда, жыл басынан бері жазылған рецептердің жалпы санынан 75%-дан астамы әлеуметтік әмиян арқылы қамтамасыз етілген.

Денсаулық сақтау министрлігі енгізген жаңашылдықтар аясында қазір әр медициналық ұйым өз бетінше дәрі-дәрмек сатып алуға құқылы. Осыған дейін сатып алу құжаттары тек қағаз күйінде ғана болған. Қаржы министрлігімен бірлесіп, арнайы цифрлық механизм іске асты. Енді дәрі-дәрмек сатып алу туралы ақпарат барлығына қолжетімді. Электронды порталдың арқасында биылғы 4 айдың ішінде 750 млн теңгеге дейін қаражат үнемделді.

Сондай-ақ тегін берілетін дәрі-дәрмектерді жеке әр адам басына есептеу механизмі іске асып жатыр. Алдағы уақытта тегін берілетін дәрілерді жеке меншік дәріханалар арқылы қамтамасыз ету жоспарда бар. Пилоттық жоба Астанада 1 шілдеден бастап жүргізіледі.

Дәрі-дәрмектер мен бұйымдарды тіркеу мерзімі 210-нан 100 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Жетекші реттеушілер (АҚШ, ЕО, Жапония) мойындаған препараттарға бұл мерзім небәрі 15 күнді құрайды.