​Депутаттар: Еліміздің бас санитарының әрекетсіздігінен менингит өршіп кетті

0
1 217

Онда адам денсаулығы үшін министрліктердің әлі де жайбасарлық танытып отырғандығы ашып айтылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


​Депутаттар: Еліміздің бас санитарының әрекетсіздігінен менингит өршіп кетті

фото veramed.kz

Елімізде әлі де шуы басылмай тұрған менингит мәселесі қоғамның барлық саласында талқыланып жатыр. Осыған орай бірқатар депутат Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа өздерінің депутаттық сауалдарын жолдаған екен. Онда адам денсаулығы үшін министрліктердің әлі де жайбасарлық танытып отырғандығы ашып айтылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ. Baq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Ә. САҒЫНТАЕВҚА

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Бұл депутаттық сауалға халықтың менингитпен ауыруына байланысты туындаған жағдай себеп болды. Болашақта осындай жағдайды болдырмау мақсатында, осы сауалды жолдап отырмыз.

Әлеуметтік желілердегі хабарламалар мен депутаттарға жолданған хаттардың негізінде халықтың хәлі үрейлі жағдайға жақын екенін байқауға болады. Дәрігерлер болса керісінше, орын алып жатқан жағдайлардың қалыпты екенін, қорқатындай себеп жоқтығына сендіруге тырысты.

Алайда Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратты үстірт талдауы жағдайдың басқаша екенін көрсетіп тұр.

Статистика бойынша 2013 жылы елде менингитпен 117 адам ауырып 23-і, 2014 жылы 119 адам ауырып 29-ы, 2015 жылы 424 адам ауырып 26-сы, 2016 жылы 120 адам ауырып 15-і, 2017 жылы 62 адам ауырып 11-і көз жұмған.

Биыл 5 маусымға дейін менингокок инфекциясын жұқтырған 60 жағдай тіркеліп, 13 адам қайтыс болды.

Яғни өткен жылдары менингиттен көз жұмғандардың менингитпен ауырғандарға шаққандағы пайызы 5 - 17 % аралығында болған. Ал биыл бұл көрсеткіш 22% жетті.

Осыдан-ақ жағдайдың бұрынғыдай еместігін және Өкілетті орган тарапынан шұғыл әрі төтенше шаралар қажеттігін түсінуге болмай ма?

Алайда тіпті Денсаулық сақтау министрінің Алматыға келгеннің өзінде медицина мекемелері шұғыл режимде жұмыс істеуге дайын болған жоқ және емдеу мекемелерінің, қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің, жедел жәрдем станцияларының жұмысында жүйелілік жоқ.

Бұған қоса әлеуметтік желілердің Министрліктен жедел әрі мығым екенін көрдік. WhatsApp мессенджерінде алғашқы хабарламалар 19 мамырда пайда болса, Қазақстанның Бас санитар дәрігері 3 маусымда сөйлеп, Министр ОКҚ-да 4 маусымда баспасөз конференциясын өткізді.

Қоғамдық пікірге жауап берудегі, сыбыс пен теріс пікірге қарсы тұрудағы мұндай баяулық қазіргі жағдайға жеткізді. Осы орайда мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мен қадағалау жүргізетін негізгі лауазымды тұлға болып табылатын ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің әрекетсіздігіне таңғаламыз.

Халық құзырлы органнан елде не болып жатқаны, кімдерге қауіп төніп тұрғаны, балаларға алаңдауға негіз бар-жоқтығы, инфекциядан қалай сақтану керектігі, вакцинация қажет пе және оны қайдан алу жайлы дер кезінде жауап алмады.

Сондықтан менингитке қатысты қоғамда туындаған резонанстың бақылаудың аздығынан және Денсаулық сақтау министрлігі мен оның аумақтық бөлімшелерінің қажетті шараларды уақытылы қабылдамауынан орын алғанын айтуға болады.

Осы аурудың тарауына байланысты халық қайда хабарласу керектігін және қандай шаралар қабылдау қажеттігін білмегендіктен осындай жағдай туындап отыр. Емдеу мекемелерінің осы дерт симптомдарымен түскендерді қабылдауға дайын еместігі жөнінде фактілер бар.

Ал менингокок эпидемиясына дайындықты қамтамасыз ету келесі шараларды қамтитын эпидемиологиялық бақылаудан тұрады: ауру жағдайларын анықтаудан оларды тексеруге және зертханалық растауға дейін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстары бойынша профилактика 1 жастан 29 жасқа дейінгі барлық адамдарға осы вакцина салуды қарастырады. Себебі 3 жасқа дейінгі балалар мен жастарға қауіп көп. Жауап беру шаралары кейінге қалдырылмайды және ауыру жағдайларын тиісінше жүргізу және дереу әрекет етуді қамтиды.

Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, қалыптасқан жағдайды объективті бағалау және болшақта ел арасында алаңдаушылыққа жол бермеу мақсатында ҚР Үкіметі бірқатар сұрақтарға шұғыл жауап бергені қажет деп санаймыз:

- Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қалыптасқан жағдайдағы рөлі қандай, аурудың тарауына байланысты алдын алу шаралары неге қабылданбады?;

- осы мәселе бойынша халыққа консультация беру үшін Call-орталықтар неге уақытылы ашылмады?;

- елде осы ауруға диагностика жүргізетін зертханалар жеткілікті ме?;

- әлемдік тәжірибе негізінде осы аурудың таралуына қалай жол бермеуге болады, алдын алу шаралары бар ма?;

- балалар мен жастар жиналатын орындарға (балабақшалар, жазғы лагерлер, әскери казармалар, хостелдер, ойын-сауық орталықтары және т.б.) ескертпелер неге уақытылы, шұғыл әзірленбеді?;

- менингокок және басқа инфекциялар бойынша күдікке ілінген пациенттерді адекватты түрде медициналық саралау қашан және қалай ұйымдастырылады? Осындай жағдайларда шұғыл көмек көрсету үшін («алтын сағат» ережесі) профиліне қарамастан барлық стационарлар дайындықтан өткізілді ме? Инфекциялық стационарлар үшін пациенттер санатын жүргізетін бірыңғай алгоритм әзірленді ме?

Себебі мемлекеттік органдардың ақпараттық жұмысты уақытылы әрі жеткілікті деңгейде жүргізбей, жағдайды бақылаудан шығарып, қоғамдық резонанс тудырып отырғаны бірінші рет емес.

Кез келген сыбысқа нақты әрі жедел мониторинг жүргізілмеуі және олар тараған алғашқы тәулікте прореактивті реакцияның болмауы, ресми мәлімдемелердің кешігуі және басқа ескерту шараларының жеткіліксіздігі қоғамды бірінші рет даурықтырып тұрған жоқ. Азаматтардың мемлекеттік органдар мен мамандардың пікіріне деген сенімін төмендетеді.

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, Сізден қойылған мәселелерді шешуді аса бақылауға алуды, Қазақстан Республикасында менингокок менингитінің таралуына жол бермеу бойынша жыл сайынғы кешенді шараларды бекітуді сұраймыз.

Бұл мәселелер қоғамда үлкен резонанс тудырып отырғандықтан, бұл депутаттық сауалға жауапты қысқа мерзімде беруді сұраймыз.

Құрметпен,

Б. ӘЙТІМОВА

С. БЕКТҰРҒАНОВ

М. БАҚТИЯРҰЛЫ

С. ЕРШОВ

Б. ЖҰМАҒҰЛОВ

Д. НӨКЕТАЕВА

Н. ТӨРЕҒАЛИЕВ