Шараға ЕАЭО-ның бес елінің өкілдері, сондай-ақ Еуразия экономика комиссиясының Алқа төрағасы қатысты.
ERNUR.KZ. Алматыда үкімет басшылары деңгейіндегі Еуразия үкіметаралық кеңесінің кезекті отырысы өтіп жатыр, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қайырлы кеш», - деп бастады Медведев өз сөзін қазақ тілінде.
Ресейдің үкімет басшысы кеңейтілген құрамдағы отырыста: «Қазақ тілін үйренуді ұмытпау керек. Кездесудің жақсы ұйымдастырылғаны үшін қазақстандық әріптестеріме, баршаңызға тағы да алғыс білдіргім келеді», - деді.
РФ Премьер-Министрінің айтуынша, Еуразия экономикалық одағына Ресей төрағалық еткен 2018 жылы айтарлықтай экономикалық жетістіктерге қол жеткізілді.
«2018 жылдың 10 айында одақ ішіндегі сауда шамамен 12% өсті. Сыртқы серіктермен сауда көлемі 21% артты. Бірақ бұл цифрларды салыстыру үнемі дұрыс бола бермейді», - деді ол.
Өз кезегінде Қазақстан Премьер-Министрі былтыр цифрлық күн тәртібі бенлсенді түрде іске асырылып, 2018 жылдың қорытындылары бойынша белгіленген кедергілер бойынша жұмыс істеліп жатқанын жеткізді. Бұдан тыс, алдыңғы отырыстарда газ, мұнай, мұнай өнімдері бойынша ортақ нарықтарды қалыптастыру бағдарламасы бекітіліп, интеграция процестерін одан әрі дамыту декларациясы қабылданған болатын.
Шараға ЕАЭО-ның бес елінің өкілдері, сондай-ақ Еуразия экономика комиссиясының Алқа төрағасы қатысып отыр. Күн тәртібіндегі 15 мәселенің 10-ы шағын құрамда талқыланды. Бұған дейін Еуразия экономикалық одағы Үкімет басшылары цифрландыру мәселелерін талқылау үшін Алматыда бас қосқаны хабарланған еді. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары өзара сауданың қазіргі ахуалы және макроэкономикалық жағдай туралы баяндаманы қарады. Отырыста кеме қатынасы туралы келісімге қол қою жоспарланған. Келісім бірыңғай көлік кеңістігін құрып, ішкі су көлігі саласындағы көлік қызметтерінің ортақ нарығын қалыптастыруға бағытталған.