Шара Орталық стадионда ұйымдастырылады.
Фото: бейнежазбадан
ERNUR.KZ. 10 тамыз күні Алматыда әлемге әйгілі поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің концерті өтеді, деп жазады inbusiness.kz.
Концерттің ұйымдастырушысы – First Media Group компаниясының басқарушы директоры Альфия Нұрғұмарованың айтуынша, стадиондағы құрылыс-монтаж жұмыстары "Қайрат" пен "Слован" арасындағы футбол ойыны аяқталған бойда басталған.
– Жабдықтың барлығы – отандық. Біз барлық техниканы серіктес ретінде ұсынып отырмыз. Мысалы, Астанада мұндай монтаж жұмыстарына 6 күн қажет болды, ал Алматыда небәрі 3 күн берілген. Сондықтан тәулік бойы, үш ауысымда жұмыс істеп жатырмыз. Бір түн ішінде-ақ ауқымды жұмыстарды аяқтадық, – дейді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Абай мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында қосымша LED-экрандар орнатылады. Бұл экрандарда стадионға кіру сызбалары және қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі нұсқаулық бейнероликтер көрсетіледі.
Көрермендерге стадион маңындағы аймаққа кіру сағат 15:00-де басталады. Бұл жерде тамақтану нүктелері мен басқа да қызмет көрсету орындары жұмыс істемек. Ал концерт өтетін негізгі аймаққа кіру тек саундчек аяқталған соң, әртістің техникалық тобы рұқсат бергеннен кейін ғана мүмкін болады.
– Біз әртіс командасының келісімінсіз қақпаларды аша алмаймыз. Мысалы, Астанада кіру уақыты 1,5 сағатқа кешіккен. Мұның бәрі ұйымдастырушыларға емес, әртістің командасына байланысты. Олар кейде репетиция уақытын ұзартуы мүмкін, – деп түсіндірді Нұрғұмарова.
Дженнифер Лопестің командасы Алматыға жеке ұшақпен келеді. Делегация құрамында шамамен 90 адам болады.