​eGov-та қорғаншылар мен қамқоршылардың мәртебесін тексеруге арналған сервис іске қосылды

0
84


​eGov-та қорғаншылар мен қамқоршылардың мәртебесін тексеруге арналған сервис іске қосылды

Фото: Kazinform

ERNUR.KZ. eGov.kz порталында қорғаншылық және қамқоршылық туралы анықтамаларды сұратуға мүмкіндік беретін жаңа цифрлық сервис іске қосылды. Бұл қызмет жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қамқоршылары туралы ақпаратты алу процесін жеңілдетеді, деп жазады inform.kz.

Қызмет пайдаланушыларға мемлекеттік органдар мен уәкілетті тұлғалар үшін қамқоршы мәртебесін онлайн растауға мүмкіндік береді. Анықтаманы алу үшін сұрау жіберу жеткілікті және оны міндетті түрде қамқоршы растауы керек. Барлық деректер автоматты түрде мемлекеттік дерекқорлардан жүктеледі, бұл процестің жылдамдығы мен ашықтығын қамтамасыз етеді.

Қызметті пайдалану үшін:
- eGov.kz порталында авторизациядан өтіп «Азаматтарға» - «Көлік және коммуникациялар» - «Коммуникациялар» бөліміне өту қажет;
- «Үшінші тұлғалардың анықтамаларды алу сервисі» бөлімін таңдап, «Онлайн сұрау» батырмасын басу керек;
- ЖСН-ді енгізіп, «Қамқоршылық және қорғаншылық туралы анықтама беру» қызметін таңдау қажет;
- қажетті өрістерді толтырып, аймақты таңдап, «Сұрау салу» батырмасын басу керек.
Осыдан кейін қамқоршыға сұранысты растау үшін 1414 нөмірінен SMS хабарлама келеді. Сонымен қатар, сұраныс туралы хабарлама пайдаланушының eGov.kz порталындағы жеке кабинетінде көрсетіледі. Қауіпсіздік пен дербес деректердің қорғалуын қамтамасыз ету үшін процесс хабарлама алынған сәттен бастап, екі сағат өткен соң аяқталады.
Қамқоршы сұранысты растаса, анықтама өтініш берушінің жеке кабинетінде «Қызметтер алу тарихы» бөлімінде қолжетімді болады. Егер қамқоршы сұраныстан бас тартатын болса, мәртебе бетінде оның себебі көрсетіліп, жеке кабинеттің «Кіріс» бөлімінде тиісті хабарлама пайда болады.
Жаңа сервис ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен жұмысының арқасында іске асырылды.
Айта кетейік, былтыр қазақстандықтар eGov арқылы 44 млн қызмет алған.