Экология заңнамасын бұзатын ірі кәсіпорындарға қатысты жаза күшейтіледі

0
1 383

Заң жобасында 3 жылдың ішінде экологиялық заңнаманы жүйелі бұзатын ірі кәсіпорындарға қатысты неғұрлым қатаң жаза қолдану қарастырылған.


Экология заңнамасын бұзатын ірі кәсіпорындарға қатысты жаза күшейтіледі

ERNUR.KZ. 3 жылдың ішінде экологиялық заңнаманы жүйелі бұзатын ірі кәсіпорындарға қатысты жаза күшейтіледі. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экология мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын талқылау кезінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.


«Әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін белгіленген ескіру мерзімін ұлғайту жөнінде түзетулер ұсынылды. Атап айтсақ, жеке тұлғаларға қатысты мерзімді 2 айдан 1 жылға дейін, ал заңды тұлғаларға - 1 жылдан 3 жылға дейін ұлғайту көзделген. Негізі профилактикалық тексерулер жылына бір реттен көп өткізілмейді. Сонын салдарынан, тексеріс кезінде бір немесе одан көп жыл бұрын жасалған заң бұзушылықтары анықталған кәсіпорындар тиісті жазадан құтылып кетіп жатады. Тағы бір айтатыны, тәжірибе көрсетіп отырғандай, кейбір ірі кәсіпорындар жүйелі түрде жыл сайын бір заң бұзышулыққа бірнеше рет жол береді. Осыған орай, заң жобасында 3 жылдың ішінде экологиялық заңнаманы жүйелі бұзатын ірі кәсіпорындарға қатысты неғұрлым қатаң жаза қолдану қарастырылған», - деді министр.


Оның айтуынша, аталған норма қазір де бар, бірақ ескіру мерзімі бір жыл болғандықтан рецидив институты іске аспайды. Бұл өз кезегінде ірі кәсіпорынды жүйелі заң бұзушылықтар жасамауға ынталандырмайды. Осыған байланысты, мерзім 3 жылға дейін ұзартылды.


«Қоршаған ортаны қорғау саласындағы әкімшілік құқықбұзушылық үшін белгіленетін айыппұлдарды ұлғайтуға басты себепші болған жайт - табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаның ластануына жол бермеу бойынша шараларды толыққанды орындамауы және қажетті модернизацияны жүзеге асырмауы. Негізі қазіргі әкімшілік айыппұлдар ынталандыру тетігі бола алмай тұр. Бір сөзбен айтсақ, табиғат пайдаланушылары үшін құқықбұзушылық пен жіберген олқылықтарды жоюдын орнына айыппұл төлеу әлдеқайда тиімдірек.

Сол себепті экологиялық заң бұзушылықтар үшін санкцияларды қатаңдату көзделеді. Мысалы, қоршаған ортаға нормативтен тыс және рұқсатсыз эмиссиялар үшін әкімшілік санкциялардың мөлшері 10 есе, ал қалған құқық бұзушылықтар бойынша орта есеппен 2 есе ұлғаяды», - деді Мырзағалиев.