Экс-министр сенат депутаттығына ұсынылды

0
796

​59 жастағы Ақылбек Күрішбаев бір жылдары ауыл шаруашылығы министрлігін басқарған, қазір Қазақ агротехникалық университетінің ректоры.


Экс-министр сенат депутаттығына ұсынылды

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласынан сенат депутаттығына кандидат ретінде экс-министр, Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев ұсынылды, деп жазады sputniknews.kz.

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясының жалпы отырысында депутаттар парламент сенатына Ақылбек Күрішбаевтың кандидатурасын ұсынды.

"Кезектен тыс сессия отырысының қорытындысы бойынша елордалық мәслихаттың депутаттық корпусы сенат депутаттығына кандидат ретінде Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевты ұсынуға дауыс берді және тиісті шешім қабылдады", - деп жазды елорда мәслихаты.

Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев 1961 жылы Алматыда туған.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ресей ауыл шаруашылығы ғылымы академиясының академигі. 100-ден аса ғылыми басылымдардың, 4 монографияның авторы. Аграрлық ғылым саласындағы үздік еңбегі үшін Бараев атындағы сыйлықтың лауреаты.

1983 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын үздік тәмамдаған.

Еңбек жолын комбайнердің көмекшісі қызметінен бастады.

  • 2002-2005 жылдары аралығында Қазақстан ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметін атқарды.
  • 2006 жылы ауыл шаруашылығы министрлігінің ғылым департаментін басқарды.
  • 2007 жылдан 2008 жылға дейін қайтадан ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары болды.
  • 2008-2011 жылдары ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарды.
  • 2011 жылдың 18 қазанынан бері – "С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті" АҚ басқарма төрағасы.
  • Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының V және VI шақырылымының депутаты.

Сенат сайлауы

Биыл 12 тамызда Қазақстан парламенті сенаты депутаттарының сайлауы өтеді. Тиісті жарлыққа ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

Осы жылдың қазан айында 2014 жылы сайланған 17 сенатордың өкілеттік мерзімі аяқталады.

Қазақстанның сайлау туралы заңнамасына сәйкес, сенаторларды жергілікті мәслихаттың депутаттары сайлайды.

Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсыну 13 маусымда басталды. Сайлау өтетін күнге бір ай қалғанда, яғни 12 шілдеде кандидаттарды ұсыну тоқтатылады.

Ал үміткерлерді тіркеу барлық қажетті құжат алынғаннан кейін басталады және дауыс беру күніне 20 күн қалғанда, яғни 23 шілдеде жергілікті уақытпен 18:00-де аяқталады.

Сенат сайлауы алдында 11 тамыз тыныштық күні болады. Сайлау қорытындысы 18 тамызға дейін анықталады.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, жоғарғы палатаның сайлауын өткізуге республикалық бюджеттен 254,5 миллион теңге бөлінді.