Балық шаруашылығы – экономикалық өсудің жоғары әлеуеті ретінде агроөнеркәсіптің маңызды салаларының бірі.
ERNUR.KZ. 2020 жылға дейін балық шаруашылығының қарқынды дамуына тежеу болған кейбір қиындықтар болған. Оның ішінде құқықтық базаның жеткіліксіздігі, көлеңкелі айналым, инвестициялық қызығушылықтың төмендігі, мемлекеттік қолдаудың аздығы, жеңілдетілген несие берудің жоқтығы, балық ресурстарын жаңғырту кешендерінің ескіргендігі сынды мәселелер бар. Осыған байланысты, 2021 жылдың сәуір айында Үкімет 2030 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын қабылдады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.
«Бағдарламаның басым бағыттарының бірі – табиғи су қоймаларының ресурстарына жүктемені азайту және олардың тұрақты жаңғыртуын қамтамасыз ету үшін аквашаруашылық субъектілеріне мемлекеттік қолдауды кеңейту болды. 2030 жылға дейінгі Бағдарламаның негізгі индикаторлары ретінде мыналар айқындалған: балық өсіру көлемін жылына 7 мың тоннадан 270 мың тоннаға дейін ұлғайту; балық өнімдерін ішкі тұтыну көлемін жылына 67 мың тоннадан 134 мың тоннаға дейін арттыру; балықтың табиғи популяциясын 7%-ға ұлғайтып, 237 мың тоннаға жеткізу», – деді спикер.
Жалпы, 2025 жылдың қорытындысы бойынша балық өнімдері нарығының көлемі 106,5 мың тоннаны құрады, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 13%-ға артық. Балық аулау көлемі 49,6 мың тоннаны, өсірілген балық көлемі 23 мың тоннаны, экспорт 21 мың тоннаны, импорт 55 мың тоннаны құрады. Осылайша, жан басына шаққандағы балықты орташа тұтыну көлемі ұсынылатын 11 кг деңгейіне қатысты 4 кг-дан 7кг-ға дейін ұлғайды.
Балық шаруашылығы саласындағы негізгі бағыттардың бірі – кәсіптік балық аулау. Кәсіптік балық көбіне Атырау, Қызылорда, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізіледі. Бүгінгі таңда балық аулаумен 537 балық шаруашылығы субъектілері айналысады, онда шамамен 12 мың астам маман еңбек етеді. Халықаралық және республикалық маңызы бар 20 су қоймасы бар. Олар 368 учаскеге бөлінген, оның 270 учаскесі 127 табиғат пайдаланушыға бекітілген, ал 95-і - әзірше бекітілмеген учаскелер. Жергілікті мәндегі 3390 су қоймасынан 1799 су қоймасы 1257 пайдаланушыға бекітілген. Бүгінгі таңда осы резервтегі су айдындары мен учаскелерді бекіту бойынша конкурстар өткізіледі. Жыл соңына дейін 360 су қоймасы мен учаскелерді конкурсқа шығару жоспарланған, оның ішінде 287 жергілікті су қоймасы, 73 халықаралық және республикалық учаске бар.


