Елімізде киіктерді атуға ресми түрде рұқсат берілуі мүмкін

0
855

Бірақ киіктің етін, мүйізін қалай пайдаланатыны әзірге пысықталмаған.


Елімізде киіктерді атуға ресми түрде рұқсат берілуі мүмкін

ERNUR.KZ. Киіктерді атуға ресми түрде рұқсат берілді. Үкімет қаулысы бір ай бұрын қабылданып қойғанын мәжілісмен Дүйсенбай Тұрғанов растады. Бірақ киіктің етін, мүйізін қалай пайдаланатыны әзірге пысықталмаған. Екі жылдан бері созбалаңға салынып келген мәселеге қатысты түпкілікті шешімнің қабылданғанын Экология министрлігі әзірге хабарлаған жоқ, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Хабарым бар. Ресми түрде рұқсат берілген. Осы айдың басында-ау деймін. 300 мыңға жуық киікті атуға болады делінген. Бірақ содан кейін етін, мүйізін қайда жіберетінін, қалай пайдаланатыны әлі шешілмеген сыңайлы», - деді Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов.

Соңғы санақ бойынша еліміздегі ақбөкен саны 2 миллионға жетіп жығылған. Әсіресе батыс аймақтардағы шаруалардың егістігін отап, берекесін алғаннан кейін Президент жауапты ведомстваға тиісті шешім шығаруды тапсырған-ды. Одан бері салаға жауапты министр екі рет ауысып үлгерді.

Экология министрлігі «шетелден ғалымдар алдырып, талқылаймыз» дегенше, биыл облыс шаруаларына киіктен келген залал 8 мл теңгеге жуықтаған. Ақбөкендер 1 млн 284 мың гектар жайылым-шабындықты таптап, 5 мың гектар егінді отап кетіпті. Қазір тиісті есеп-қисап Үкіметке жіберілген.

«Сол аумаққа жақын үш ет комбинатымен әзірліктері пысықталып жатыр. Бұл үш комбинат тәулігіне 1900 басқа дейін соя алатын мүмкіндік көрсетіп отыр. 4 мың тонналық тоңазытқыш камералары істеп тұр. Бұл – Жаңақаладағы ет тоңазыту комбинаты және Ақжайық ауданында орналасқан ет сою орны. Сондай-ақ ертең науқан басталған уақытта Кублейде өңделетін болады», - деді БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Наурызбай Қарағойшин.