Ол видеоны куәгерлер журналист Михаил Козачковқа жіберген.
Фото: скриншот
ERNUR.KZ. Күні кеше Алматыны ғана емес, бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірген оқиға болды: таңға жақын Алматыдағы Вахтангов көшесінде жатақхана іспетті жер үй өртеніп, бес адам ажал құшты. Оның екеуі – Өзбекстаннан келген жігіттер, тағы екеуі - егде жастағы әйел мен оның 41 жастағы қызы және көрші бөлмеде тұратын әйелдің 9 жасар қызы. Бүгін желіде сол жатақхананың жанындағы үйдің бейнебақылау камерасы түсіріп алған күдікті сәттің видеосы таралды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Айта кетейік, кеше Алматының полиция департаменті бес адамның өліміне әкеп соққан өртке қатысты қылмыстық іс қозғаған. Кешке таман, алдын ала болжам бойынша, жатақхананы біреу әдейі өртеді деген нұсқа жарияланды.
Төтенше жағдайлар департаменті өрт туралы ақпарат таңғы сағат 03.44-те түскенін хабарлаған еді. Ал, желідегі видеоға қарасақ, содан 15-20 минут бұрын, таңғы сағат 03.15-03.20 шамасында үйге бір әйел кіріп, таңғы сағат 03.35-те үйден шығып кеткен.
«Бейнебақылау камерасының жазбасы үш сағат алға көрсетеді. Яғни, камерадағы сағат 06.35 болса, ол таңғы сағат 03.35 деген сөз», - деп жазады журналист Михаил Козачков.
Яғни, алдын ала болжам бойынша, өрт басталардан оншақты минут бұрын өртенген үйге қара куртка, сұр түсті тымақ киген, қолында сөмкесі мен ұялы телефоны бар бір әйел кіреді де 03.35-те жүгіріп шығады.
«Қазір полиция бұл әйелдің кім екенін және таң атпай не істеп жүр, тоғыз жасар баланы қосқанда, бес адамның өмірін жалмаған өртті осы әйел қойған жоқ па» деген сұрақтарды зерделеп жатыр», - деп жазған журналист.Тарату


