Елімізде заңға қайшы контент көлемі екі есе өскен — Балаева

0
103

Өткен жылы онлайн-платформаларда 78 539 заңға қайшы материал анықталып, оның 24,3%-ы жойылған.


Елімізде заңға қайшы контент көлемі екі есе өскен — Балаева

фото: Санат Имангалиев

ERNUR.KZ. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева желілік ресурстардың әкімшілері мен желі қолданушыларына үндеу жолдады, деп жазады sputnik.kz.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта интернет кеңістігінде бірқатар өзекті мәселелер қызу талқыланып жатыр.
Мониторинг көрсеткендей, онлайн-платформаларда көбінесе заңға қайшы, қарапайым тілмен айтқанда, шындыққа жанаспайтын ақпарат жиі таралады.
"Статистикаға сүйенсек, 2023 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта Қазақстан интернет сегментінде анықталған заңға қайшы контент көлемі екі есе өсіп, 116 354 материалға жетті. Ең көп таралған заңбұзушылықтар қатарында – терроризмді, діни экстремизмді және есірткі құралдарын насихаттау, онлайн-казино мен қаржы пирамидаларын жарнамалау бар. Өткен жылы онлайн-платформаларда 78 539 заңға қайшы материал анықталып, оның 24,3%-ы жойылды", - деп жазды Балаева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Министр осыған байланысты желілік ресурстардың әкімшілерін жаңалықтар ағынын мұқият қадағалап, расталмаған ақпараттың таралуына жол бермеуге және заңға қайшы контентті жоюға шақырды.
Ол әлеуметтік желі қолданушыларынан да ойланбай әрекет етпеуді, сондай-ақ заң талаптарына сәйкес онлайн-платформаның бұғатталуы мүмкін жазбалар мен пікірлер қалдырмауды сұрады.
Балаева миллиондаған азамат жаңалықтарды онлайн платформалардан алатынын ескере отырып, министрлік тыйым салу шараларына сирек жүгінетінін атап өтті.
Дегенмен, желілік ресурстардың әкімшілері де өз әрекеттерінің салдарын түсініп, ақпарат таратуда ең алдымен оқырман мен қоғам алдындағы жауапкершілікті жіті ұғынуға тиіс, дейді ол.