Батыс өңірлерді дамытудың 4 кешенді жоспарын қаржыландырудың жалпы көлемі 15,3 трлн теңге.
ERNUR.KZ. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп жазады baq.kz.
Бүгін Үкімет отырысында Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарлары ұсынылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарлары әзірленді, сондай-ақ қолданыстағы Атырау және Маңғыстау облыстарын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарлары өзектендірілді, -деді министр.
Сонымен қатар Ұлттық экономика министрі батыс өңірлерді дамытудың 4 кешенді жоспарын қаржыландырудың жалпы көлемі 15,3 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 1,7 трлн теңге екенін атап өтті.
Министрлік, орталық мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен бірлесіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрақты жұмыс орындарын құруға тікелей және жанама мультипликативтік әсерлердің жоғары әлеуеті бар жобаларды іріктеу бойынша жұмыс жүргізді, - деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.