Елордада Жамбылдан әкелінген қарбыздардың көзі жойылды

0
1 631

ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Астана қаласы бойынша мамандары қауын шыбынымен зақымдалған қарбыздардың көзін жойды.


Елордада Жамбылдан әкелінген қарбыздардың көзі жойылды

ERNUR.KZ. ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Астана қаласы бойынша мамандары қауын шыбынымен зақымдалған қарбыздардың көзін жойды, деп жазады Baq.kz..

«Біздің өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлармен Астана қаласында кезекті карантиндік фито-санитарлық бақылау жүргізу барысында қауын шыбынымен зақымдалған қарбыз өнімі анықталды. Жамбыл облысынан 10 тонна әкелінген қарбыз өнімінің зақымдалған бөлігі, шамамен 150 келісі алынып, қазір көму әдісімен жою жұмыстары жүргізілді. Қауын шыбыны, негізінен, қауын, қарбыз, қияр, асқабақ тұқымды дақылдарды зақымдайды», - деді Астана қаласы бойынша аумақтық инспекция басшысының орынбасары Сымбат Қалиасқаров.

Аумақтық инспекция өкілі қарбыз сатып алу кезінде оның сыртқы түріне мән беру қажеттілігін айтты. Себебі, қауын шыбынымен зақымдалған дақылдарда қызыл-қоңыр түсті бөлінділер пайда болады.

«Аталған факті бойынша Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 400-бабы 2-бөлігінің 3) тармақшасымен әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен өнім иесіне 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бұл 48 100 теңгені құрайды. Осы қауын шыбынының анықталуы бірінші рет орын алып отыр. Бұған дейін карантиндік объектінің анықталуы бойынша 6 жағдай тіркелді. Ол импорттық өнімдер. Негізінен, Еуразиялық экономикалық одақ аумағында карантиндік объектінің 182 түрі бекітілген. Соның 50 түрі ЕАО аумағында, оның ішінде, 14 түрі Қазақстан аумағында шектеулі таралған. Жылда ол каратиндік объектілерге қарсы құзыретті мекемелер іс-шаралар мен зерттеулер жүргізеді», - деді Қалиасқаров.

Ол облысаралық тасымалдау болсын, сырттан келген импорттық тасымалдау болсын, карантинге жатқызылған өнімдер тиісті карантиндік немесе фито-санитарлық сертификатпен тасымалдануы керек екенін айтты. Өйткені, бұл құжаттар карантинге жатқызылған өнімнің ахуалын, яғни, оның карантиндік объектілерден таза және фито-санитарлық талаптарға сай екенін білдіреді.

Айта кету керек, қауын шыбыны адам денсаулығына еш қауіп төндірмейді.