2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 15 637 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған.
ERNUR.KZ. 2022 жылдың басынан бері 15,6 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, деп жазады ulysmedia.kz.
2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 15 637 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 103,5 мың этникалық қазақ оралды.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (65,2%) Өзбекстаннан, 9,2% – Қытайдан, 8,8% – Ресейден, 8% – Түрікменстаннан, 4,8% – Моңғолиядан және 4% басқа елдерден келген.
Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (28,1%), Маңғыстау (16,3%), Түркістан (8,7%) және Жамбыл (6,1%) облыстарына, сондай-ақ Астана (9%), Шымкент (6,9%) және Алматы (5,5%) қалаларына қоныстанды.
Биылғы жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,6%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 26,7%-ды және зейнеткерлер 13,7%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16%-ы жоғары білімді, 39%-ы орта кәсіби білімді, 43,1%-ы жалпы орта білімді және 1,9%-ының білімі жоқ.