Әкімшілік кодекске енгізілген өзгерістер 12 наурыздан бастап күшіне енді.
фото: Sputnik / Тимур Батыршин
ERNUR.KZ. Енді рөлде отырып телефонмен сөйлескен жүргізушілерді жолдағы камералар түсіріп алады, деп жазады sputnik.kz.
Әкімшілік кодекске енгізілген өзгерістер 12 наурыздан бастап күшіне енеді.
Заң өзгеріссіз қалады, құқық бұзушылықтарды тіркеу әдісі ғана өзгереді деп бұған дейін Ішкі істер министрлігі хабарлаған болатын. Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта жол қозғалысы ережесін бұзудың алты түрі автоматты түрде тіркеледі:
жылдамдықты арттыру;
жол белгілері немесе таңбалардың талаптарын сақтамау;
тоқтау немесе тұрақ ережелерін бұзу;
бағдаршамның қызыл түсі жанғанда жүру;
жолдың жүру бөлігінде көлік құралын орналастыру ережелерін бұзу, қарсы бағытқа шығу немесе басып озу;
жаяу жүргіншілерге немесе жол қозғалысының басқа қатысушыларына жол бермеу.
Енді көлік жүргізу кезінде телефонды пайдалану және қауіпсіздік белдігін тақпау, сондай-ақ көлік құралдарын техникалық тексеру мерзімінің өтуі, сақтандырудың болмауы және басқа да құқық бұзушылықтар қосылады.
"12 наурыздан бастап әкімшілік құқық бұзушылық автоматты түрде анықталса немесе тіркелсе, ҚР ӘҚБтК-нің 31-бабына және осы кодекстің ерекше бөлігіне сәйкес аталған құқық бұзушылықтар үшін ескерту немесе айыппұл түріндегі ықпал ету шаралары белгіленеді, - дейді Ішкі істер министрлігі.
Сондай-ақ көшедегі дрондар мен камераларға қоқыс тастау, тыйым салынған жерлерде темекі шегу және заңсыз сауда сынды мәліметтер жазылады.


