Енді жанармай сапасын бақылау үшін жанармай құю бекеттері күтпеген жерден тексерілуі мүмкін

0
152

Соңғы уақытта ақпарат кеңістігінде АИ-95 және АИ-98 маркалы бензин сапасының күрт төмендеуіне байланысты азаматтардың шағымы көбейген.


Енді жанармай сапасын бақылау үшін жанармай құю бекеттері күтпеген жерден тексерілуі мүмкін

Фото: Zakon.kz

ERNUR.KZ. Құрылтай депутаты Асхат Рахымжанов 2026 жылғы 10 қыркүйекте өткен отырыста жанармай сапасын бақылауды күшейту және сапасыз бензиннен зардап шеккен көлік иелерін қорғау бойынша бірқатар ұсыныс айтты, деп жазады zakon.kz.

Депутаттың айтуынша, соңғы уақытта ақпарат кеңістігінде АИ-95 және АИ-98 маркалы бензин сапасының күрт төмендеуіне байланысты азаматтардың шағымы көбейген.

"Жанармай құйғаннан кейін көліктер дұрыс жұмыс істемей, инжекторлар, оталдыру шамдары, катализаторлар және басқа да қымбат бөлшектер істен шыға бастайды. Кей жағдайда көлік иелері жөндеуге 200 мыңнан 600 мың теңгеге дейін жұмсауға мәжбүр. Бұл көптеген отбасы үшін бюджетке түсетін үлкен салмақ. Бұл адал емес сауданың жекелеген жағдайлары ғана емес. Техникалық реттеу және метрология комитетінің мәліметінше, 2026 жылы жүргізілген бақылау мақсатындағы сатып алулар кезінде жанармайды алмастыру фактілері анықталған. Алматыда АИ-100 бензині ретінде құрамындағы күкірт мөлшері үш еседен астам жоғары өнім сатылған. Ал Қызылорда облысында АИ-95 маркасымен кәдімгі АИ-92 бензині сатылған. Бұл жалғыз мысал емес – тексеру нәтижесінде сапасыз жанар-жағармай үлесі әлі де жоғары болып отыр", – деді Асхат Рахымжанов.

Оның пікірінше, тағы бір алаңдататын мәселе – жаңғыртылған мұнай өңдеу зауыттарында өндірілген сапалы жанармайдың тұтынушыға жеткенше сапасын жоғалтуы. Бұл тасымалдау, сақтау, мұнай базаларында құю және жанармай бекеттерінде сату кезінде болуы мүмкін.

"Иә, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 281-бабының 5-бөлігі кондицияға сай келмейтін мұнай өнімдерін айналымға шығарғаны үшін жауапкершілікті қарастырады. Бірақ заңдағы бір норма жеткіліксіз. Іс жүзінде жанармай сапасының нақты қай кезеңде – өндірушіде, мұнай базасында, тасымалдаушыда немесе белгілі бір ЖҚС-те төмендегенін жедел анықтау өте қиын. Ал жанармай құйғаннан кейін көлігі істен шыққан азамат бензиннің сапасы мен келтірілген шығын арасындағы себеп-салдарлық байланысты жалғыз өзі дәлелдеуге мәжбүр болады", – деп толықтырды депутат.

Ол "Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңның 48-бабын басшылыққа ала отырып, ОСДП фракциясы Үкіметке алты нақты ұсыныс жолдап отырғанын айтты.

Біріншіден, мұнай өнімдерінің сапасына мемлекеттік бақылауды күшейтіп, АЗС мен мұнай базаларынан алдын ала ескертусіз сынама алуға мүмкіндік беруді және зертханалық сараптамамен қатар тұрақты бақылау сатып алуларын жүргізуді ұсынды. Екіншіден, жанармайдың әр партиясын өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап нақты жанармай бекетіне дейін цифрлық бақылау жүйесін енгізу ұсынылды. АЗС-тағы QR-код арқылы тұтынушы жанармайды сатып алмас бұрын оның шыққан жері мен зертханалық тексеру нәтижелерін көре алуы тиіс.

Үшіншіден, жанармай сапасының төмендеуіне кінәлі жеткізу тізбегіндегі нақты қатысушыға жауапкершілік жүктеу ұсынылды. Яғни тек соңғы сатушыны жазалау жеткіліксіз.

Төртіншіден, ӘҚБтК-нің 281-бабы бойынша құқық қолдану тәжірибесін талдап, сапасыз жанармайды сату және айналымға шығару үшін жауапкершілікті күшейту ұсынылды. Мұндай жанармай партиялары міндетті түрде айналымнан шығарылуы тиіс. Бесіншіден, жанармай сапасына жүргізілген тексеру нәтижелері көрсетілетін ашық мемлекеттік тізілім құру ұсынылды. Онда өңір, АЗС, анықталған заң бұзушылық және қабылданған шаралар туралы ақпарат болуы керек. Бұл азаматтарға қай жерде жанармай құю керегін саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді. Алтыншыдан, зардап шеккен азаматтарды қорғаудың нақты тетігін қалыптастыру ұсынылды. Атап айтқанда, жанармай сапасы мен көліктің бұзылуы арасындағы себеп-салдарлық байланысты дәлелдеуді жеңілдетіп, диагностика мен жөндеу шығындарын кінәлі тараптан өндіріп алу мүмкіндігін қарастыру қажет.

Асхат Рахымжанов мемлекет бензин сапасына тек зауыттан шыққан кезде ғана емес, әрбір көлік иесінің жанармай багына құйылғанға дейін де кепілдік беруге міндетті екенін айтты.