Өртті тез ауыздықтағандықтан көпірдің негізгі құрылымы зақымданбады.
ERNUR.KZ. Павлодарда Ертіс өзені үстінен салынып жатқан көпір биылдыққа осымен үшінші рет өртке оранды, деп жазады stan.kz.
Әлеуметтік желіде 21 сәуір күні кешке оқиға орнында түсірілген видеолар тарады. Бейнежазбада көпірдің бір бөлігі қалың түтініннен мүлдем көрінбейді.
“Өрт туралы ақпарат түскен бойда оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жіберілді. Көпірдің төртінші тірегінде жылуоқшаулағыш материалдар мен ағаш қалып элементтері жанған”, – деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.
Ведомствоның мәліметінше, өрт ошағы жерден шамамен 30 метр биіктікте орналасқан. Күрделі жағдайға қарамастан, өрт сөндірушілер жалынды жедел бақылауға алып, 160 шаршы метр аумаққа жайылған өртті аз уақытта толық сөндірген.
Өртті тез ауыздықтағандықтан көпірдің негізгі құрылымы зақымданбады. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Нысан алғаш рет биыл қаңтар айында өртенді. Сол кезде Қызылорда – Павлодар – Успенка – Ресей шекарасы автожолы учаскесіндегі Ертіс үстінен салынып жатқан көпірдің №4 тірегінде жылу тенті мен қалып жанған. Сонда өрт шамамен 60 шаршы метр аумақты жайпады. Қызыл жалын арматуралық қаңқаны дәнекерлеу-монтаждау жұмыстары кезінде шыққан.
Ал 1 ақпан күні таңертең көпір қайтадан өртенді. Бұл жолы №5 тіректе жылуоқшаулағыш материал, қорғаныш жабын және ағаш қалып элементтері жанған. Өрттің аумағы шамамен 100 шаршы метрге жетті.
Ертіс арқылы өтетін бұл жаңа көпір құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған. "ҚазАвтоЖол" мәліметінше, нысан қолданыстағы көпірден 40 метр қашықтықта, қаладан шығу бағыты бойынша оң жаққа қарай ығыстырыла салынып жатыр.
Көпірдің жалпы ұзындығы 2,1 шақырымға дейін жетеді. Оның 400 метрі Павлодар жағынан, ал 1,7 шақырымы Атамекен кенті жағынан өтеді.


