Итбалықтардың қырылу себебін нақтылауға 3-4 ай уақыт керек - министр

0
204

24 қазан мен 18 қараша аралығында Каспий теңізінің жағалауынан 1 989 итбалықтың өлексесі табылды.


Итбалықтардың қырылу себебін нақтылауға 3-4 ай уақыт керек - министр

Фото: ҚР Үкіметі

ERNUR.KZ. Итбалықтардың өлексесі табылған орындардағы алғашқы сынамалардың нәжесі белгілі болды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті, деп жазады inform.kz.

«24 қазаннан бастап өлген итбалықтар тіркеле бастады. Шын мәнінде жауапты қызметтердің барлығы сол жерге барды, сондай-ақ ветеринарлар мен экологтар, гидробилогия мен экология институттары, қоғамдық ұйым өкілдері бар. Тиісті сынамалардың барлығы алынды. Пастереллез, тырысқақ, оба аурулары бойынша алғашқы сынамалар зерттелді. Бұл ретте, осы індеттер табылмады», - деді Е. Нысанбаев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның сөзіне қарағанда, қазір мамандар су түбінде жер сілкіну салдарынан табиғи газдың шығуынан немесе судың ластануынан итбалықтар қырылуы мүмкін деген тұжырымды айтып жатыр.

«Маған осы мәселеге қатысты мәлімет беріп жатыр. Атап айтқанда суда нормадан ауытқу байқалмады. Ғалымдардың мәліметінше, қорытынды нәтижені жариялау үшін 3-4 ай уақыт керек. Олардың зерттеу нәтижесін күтеміз. Өзіміздің экология департаментінің зертханалары ауаның, судың, топырақтың құрамын зерттеді. Бұл жұмыстарға халықаралық ұйымдарды қосқан жоқпыз», - деді министр.

Еске салайық, 24 қазан мен 18 қараша аралығында Каспий теңізінің жағалауынан 1 989 итбалықтың өлексесі табылды.

14 қарашада Ауыл шаруашылығы министрлігі Каспий теңізінде қырылған итбалықтарды зерттеуге қатысты алдын ала мәліметті жариялады.