4 мың 200 шаршы метр болатын Бақтыбай ауылындағы мәдениет үйін жөндеу үшін 1 млрд теңгеге жуық қаржы керек.
ERNUR.KZ. Алматы облысында 20 жылдан бері қаңырап тұрған мәдениет үйінің директоры мен жұмысшылары бар болып шықты, деп жазады Atameken Business.
Бұл жайт Ескелді ауданына қарасты Бақтыбай ауылында болып отыр. Ескелді аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Бақытгүл Ерғалиеваның айтуынша, мәдениет үйі жабық тұрса да, ғимарат жұмыс істеп тұрған мекемелердің тізімінде тұр. Ал ондағы мамандар мектептермен бірлесіп, алты үйірме ашып жұмыс істеп жатыр екен.
Бірақ Бақтыбай ауылының тұрғындары ауылда үйірме жоқ деп наразы. Тіпті сынып, тоз-тозы шыққан мәдениет үйінің директоры бар екенін де білмедік дейді. Сондықтан тұрғындар бұл жайтты прокуратура тексерсін деп талап қоюда.
Ал 4 мың 200 шаршы метр болатын Бақтыбай ауылындағы мәдениет үйін жөндеу үшін 1 млрд теңгеге жуық қаржы керек. Тіпті осымен екінші рет жасалған жобалық-сметалық құжат мерзімінің аяқталуына да аз қалыпты. Әр құжат жасалған сайын қыруар қаржы далаға ұшып жатыр деп, халық ашулы.