Зардап шеккен әскери ұшқыштар санавиция бортымен Қарағандыға жеткізілді. Дәрігерлер олардың жағдайы орташа деңгейді екенін айтты.
ERNUR.KZ. Қарағанды маңында апатқа ұшыраған МиГ-31 ұшағындағы әскери ұшқыштардың жағдайы белгілі болды, деп жазады Sputnik Қазақстан.
"Тірек-қимыл аппараты жарақаты, бассүйек-ми шайқалуы бар, жеңіл деңгейдегі күйік шалған. Тексеріс жасалды. Қазіргі уақытта емделіп жатыр. Жағдайлары тұрақты", - деді Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев "Хабар 24" телеарнасына.
Кеше, 16 сәуір күні кешке қорғаныс министрлігі Қарағанды маңында әскери ұшақ апатқа ұшырағанын хабарлаған болатын. Қозғалтқыштан өрт шығып, ұшқыштар ұшақты елді мекеннен алыс алып кеткен. Экипаж катапультация жасап үлгерді, алайда әскерилер жарақат алған.
Қорғаныс министрлігінің комиссиясы апатты тергеуге кіріседі.
Әскери ұшқыштар тәжірибелі екені айтылып отыр. Жалпы ұшу уақыты 1161 және 888 сағат.
Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, ұшақ 1991 жылы шығарылған. Бұл Қазақстандағы МиГ-31-мен болған төртінші апат. Бұған дейін мұндай ұшақтар 2007, 2008 және 2013 жылдары апатқа ұшыраған.