Теміртауда өткен «жасыл кеңестің» көшпелі жиынында Қарағандының экологиялық ахуалына 50 миллиард теңге қаржы бөлінеді
ERNUR.KZ. Қарағанды облысының экологиялық ахуалын жақсартуға 50 миллиард теңге қаржы бөлінеді, деп жазады 24.kz.
Бұл туралы Теміртауда өткен «жасыл кеңестің» көшпелі жиынында айтылды. Табиғат жанашырлары құрышты қаланы өндірістік қалдықтан тазартудың кешенді жоспарын талқылады. Естеріңізге сала кетейік, бұл маңызды құжат былтыр Теміртауда «қара қар» жауған соң жедел қабылданған болатын. Онда 77 экологиялық шара қамтылған, өткен жылы соның 24-і жүзеге асыпты. Биыл Теміртау қаласындағы 4 ірі кәсіпорын газ бен шаңды сүзгіден өткізетін қондырғыларын жаңартпақшы. Теміртауда биылдан бастап 40 мың түп ағаш көшеттері отырғызылады. Ол үшін 1 миллиард теңге қаржы бөлінген. Руслан Төлепбаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы: – Кешенді жоспар жүзеге асқан кезде қоршаған ортаға таралатын зиянды заттар шамамен 20 мың тоннаға азаяды деп күтіп отырмыз. Сондай-ақ зауыт-фабрикалардан шығатын өндірістік қалдықтар 1,3 миллион тоннаға және көліктерден ауаға бөлінетін улы газдар 10-20 пайызға кемитін болады.