Мектеп оқушылары арасындағы байқау «Бір аймақ – бір кітап» жобасы аясында ұйымдастырылған.
Қарағанды қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы №39 гимназияда оқушылар арасындағы дәстүрлі "100 кітап" байқауы өтті, деп хабарлайды өңірдегі ERNUR.KZ тілшісі.
Қарағанды қаласы қалалық білім бөлімінің қолдауымен М.Жұмабаев атындағы №39 гимназияда «100 кітап» байқауы өтті. Байқауда қаладағы 35 мектептен келген 5-11 сынып аралығындағы 200-ге жуық оқушылар білімдері мен өнерлерін ортаға салып, «Мен оқыған бір кітап» кітаптар жарнамасы (5-сынып), «Қасиетіңнен, қара өлең, айналайын» мәнерлеп оқу сайысы (6-сынып), «Жыр күмбірі» жырлардан үзінді айту (7-сынып), «Театрлар әлемінде» сахналық қойылым (8-сынып), «Бір кітап – бір сурет» сурет көрмесі (9-сынып), «Ұлы даланың ұлы мұрасы» электронды кітапша сайысы (10-сынып), «Ұлт болашағы және латын графикасы» эссе байқауы (11-сынып) бойынша өзара мықтыны анықтады.
Аталған байқау туралы: «Бүгінгі облыстық «Бір аймақ – бір кітап» жобасының аясындағы «100 кітап» қалалық байқауы Қарағанды қаласының 85 жылдығына арналып отыр. Шараның мақсаты – қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетін оқушыларға насихаттау, ел мен жерге деген махаббатын ояту және кітаптың асыл қазына екенін түсіндіру. Бұл іс шара Қарағанды қалалық білім бөлімінің қолдауымен келесі жылы да жалғасын табатын болады. Жоба авторы ретінде бұл бастаманың келешекте берері мол деп ойлаймыз», - дейді гимназия директоры Жалелов Абылай.
Ал, қалалық білім бөлімінің әдіскері Гүлназ Бекетқызы: ««Оқу шаттығы» облыстық жобасының аясында осыдан 3 жыл бұрын М.Жұмабаев атындағы №39 гимназия базасында «100 кітап» жобасы қолға алынған және жобаның авторы да осы гимназия болып есептеледі. Жоба қалалық білім бөлімінің әдістемелік жоспарына еніп, үшінші жылы осы мектепте ақтық кезең болып ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар, биыл бұл жобаға жаңа бағыттар қосылды, яғни латын қарпінде эссе жазу, оқыған шығармалары бойынша сурет салу және электронды кітаптар сайыстары енгізілді», - деді.
Байқаудың қорытынды бөлімінде іс-шараға белсенді қатысқан мектеп ұжымдары алғыс хаттармен және барлық сыныптар арасындағы сайыстар бойынша жеңімпаздар қалалық білім бөлімінің арнайы дипломдарымен марапатталды. Сонымен қатар, 9-сынып оқушыларына арналған «Абайтану» оқулығының тұсауы кесілді.