Қарағандыда балалар жаппай уланды – комиссияның тексерісі аяқталды

0
1 069

Комиссия мүшесі тексерістің нәтижесі туралы айтып берді.


Қарағандыда балалар жаппай уланды – комиссияның тексерісі аяқталды

ERNUR.KZ. Қарағанды облысындағы атышулы балалар орталығында тексеріс аяқталды. Ол жерде шілде айында 14 бала уланды, екеуі қайтыс болды, деп жазады sputnik.kz.

Комиссия мүшесі тексерістің нәтижесі туралы айтып берді. Мамандар арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына балалардың тұрмыс жағдайын - төсек-орын, жеке заттары, демалыс пен медициналық қызметтің сапасы, өрт қауіпсіздігі мен тамақ дайындау бөлмелерін жан-жақты тексеріп шықты.
"Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері тамақ дайындайтын жерде жәндіктерді тапты. Ал ауыз су жуынатын бөлмеде болған. Балалар ол бөлмеде таңертең жуынады, сан алуан гигиеналық процедура жасайды. Ондай жерде ауыз су болмауы керек. Бұл санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік ережелеріне қайшы", - дейді комиссия мүшесі.
Сондай-ақ өрт қауіпсіздігін бұзу фактілері анықталды. Атап айтқанда, кейбір жерлерде электр сымдары ашық жатқан.
Орталық қызметкерлері төсек-орын жабдығын да дұрыс таратпаған. Ережеге сәйкес, барлық балаға бірдей киім-кешек пен төсек-орын берілуі шарт.
"Ол бала жүре ме, жоқ, әлде, төсектен тұра алмай ма, бәрібір төсек-орын бірдей таратылуы керек. Ал бала денсаулығына байланысты мүлдем тұра алмаса, онда оның төсек жаймасы мен жастық тысы жиі ауыстырылады. Оған бәтеңке мен етік керек емес", - деп атап көрсетті маман.
Балалар орталығында қызметкерлер де жиі ауысып тұрады. Бір адам көп істемейді. Санитарлар шамамен 100 мың теңге алады. Біреуі 6-8 балаға жауапты.
"Ал бұл балалар ауырады. Біреу төсектен тұра алмаса, екіншісі бәрін лақтырып, қиратып жатады. Сондықтан санитарларға оңай емес. Комиссия облыстық жұмыспен қамту басқармасына құзіретті министрліктерге хат жолдауға ұсыныс енгізді. Орталық штатын өзгерту керек, жалақысын да көтерген жөн", - деді комиссия мүшесі.
Бүгінде жалақының төмен болуына байланысты көбісі ұзақ жұмыс істемей кетеді.
Комиссияның тексерісі аяқталса да, сот-медициналық сараптаманың қорытындысы әлі шыққан жоқ. Соның нәтижесі балалардың неден уланғанын көрсетуі керек.
Айта кетері, тамыз айының басында Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бірнеше бала уланып, ауруханаға түсті. Барлығы 14 бала зардап шеккен, екеуі қайтыс болды.