Операция 9 сағатқа созылған.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Желіде қарағандылық облыстық клиникалық ауруханада жасалған отадан кейін денесінен медициналық ине табылғанын мәлімдеді. Зардап шегуші бүйірі ауырған соң ауруханаға барып, екі отадан соң еңбекке жарамсыз болып шыққан, деп жазады stan.kz.
Қарағандылық Алик Сағын 14 сәуірде оң жақ бүйірі ауырған соң облыстық клиникалық ауруханаға барған.
“14 сәуірде басымнан жағымсыз жағдай өтті. Оң жақ бүйірім ауырып Қарағанды қаласы, Ерубай 15 мекенжайында орналасқан облыстық клиникалық ауруханаға бардым. Сол жердегі хирург Альбакир Думан Кәменұлына қаралдым. Тескерістен соң плевритке күдік бар деп, 15 сәуірге ота тағайындады. Операция 9 сағатқа созылды”, – дейді науқас.
Отадан кейін қарағандылық физиотерапия орталығына ауыстырылған. Ол жерде науқасты тағы рентгенге түсіріп, оң жақ кеудесінен медициналық инені тапқан.
“19 сәуірде тағы операция жасалып, ине алып тасталды. Осыдан кейін жағдайым күрд нашарлады. Жұмысқа жарамсыз болып қалдым. Отбасымды асырай алмай отырмын. Ал маған ота жасаған хирург хабарласпады, кешірім де сұрамады. Аурухана тарапынан ешқандай көмек көрсетілмеді”, – дейді ол.
Аталған жағдайға қатысты Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы мән-жайды мәлімдеді. Басқарма қазір ауруханада тексеріс жүріп жатқанын мәлімдеді.
“Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы аталған оқиғаға байланысты қызметтік тексеру жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта оның қорытындысы бойынша қажетті ден қою шаралары қолданылады. Науқастың жағдайы жақсарды. 2025 жылдың 19 мамырында амбулаторлық емдеуге шығарылады. Клиникалық және рентгенологиялық динамикасы оң нәтиже көрсетті. Тәуелсіз сараптама комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша денсаулыққа зиянның бар-жоғы туралы мәселе шешіледі”, – делінген хабарламада.