Қайғылы оқиға 17 наурызда болды.
Фото: Қарағанды медицина университеті
ERNUR.KZ. Қарағанды медицина университетінің студенті, Үндістан азаматы жатақхана терезесінен құлап қаза тапты. Оның денесі еліне қайтарылды, деп жазады stan.kz.
Қайғылы оқиға 17 наурызда болды, бірақ ол туралы бүгін ғана ақпарат шықты. Мұны мемлекеттік органдар жариялаған жоқ.
Үндістанның 21 жастағы азаматы медициналық университеттің Халықаралық медицина факультетінің соңғы курсында оқыған еді. Ол өзі тұратын бесінші қабаттағы жатақхана бөлмесінің терезесінен құлап кетті.
Университет те, полиция да оның азаматтығы туралы ақпаратты жариялаған жоқ. Дегенмен группаластары оның Үндістан азаматы болғанын хабарлады.
Полиция студенттің байқамай құлап кеткенін айтады. Алайда неге және қалай болғаны айтылмайды.
"Қарағанды университетінің 21 жастағы студентінің бесінші қабаттан құлап қаза табуы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Барлық қажетті тергеу шарасы қабылданды. Тергеу қорытындылары, жиналған материалдар және сараптамалық қорытындылар негізінде қылмыстық іс тоқтатылды", – деді Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.
Халықаралық медицина факультетінің деканы Қасым Сәрсенбаев университеттегі моральдық-психологиялық жағдайдың қанағаттанарлық екенін хабарлады.
"Иә, наурыз айында бұл оқиға болды. Ол бесінші қабаттағы жатақхананың терезесінен құлады. Университетте қорқыту жағдайлары жоқ. Моральдық-психологиялық жағдай қолайлы", – деді декан.


