Көптеген тұрғындар ішімдік ішкен туыстары туралы мәлімдемейді. Негізінен олардың нақты саны рейдтер кезінде анықталады.
ERNUR.KZ. Қарағандыда бұрынғы маскүнемдер ішімдікті тастап, түзу жолға түсуіне және наркологиялық диспансерден тіркеуден шығуына септігін тигізген учаскелік полицейлерге алғыс білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Мен осыған дейін қандай қателіктер жасағанымды түсіндім. Өмірімнен сабақ алдым. Алдағы уақытта басқаша өмір сүргім келеді. Оған біздің учаскелік полицей көмектесті», - дейді Азамат есімді қарағандылық тұрғын.
Ол көп жылдар бойы ішімдікке салынып, отбасының берекесін қашырған. Анасының көз жасына да еш мән бермей келген. Нәтижесінде Азамат үшін осындай «көңілді» кештер бірдей аяқталатын. Қарт әйелдің шақыруы бойынша бұзақыны тыныштандыруға учаскелік полиция қызметкері келеді. Содан кейін оны арнайы мекемеге қамап, ішімдіктен мәжбүрлеп емдейді.
«Не істейін енді? Ол менің кенже ұлым. Қандай болса да шыдаймын. Көп уақыт бойы түзу жолға түсуін өтіндім. Бірақ еш нәтижесіз. Полицейлерге рахмет. Әрқашан менің шақыруыма бірден жауап беретін», - дейді Азаматтың анасы.
Дегенмен, учаскелік инспектор Кәрім Қалиев Азаматпен ішімдікке салынуды тоқтату туралы әңгімелерін тоқтатпаған. Ол жұмыстар нәтижесін берген. Ал жуырда ер адам наркодиспансердегі тіркеуден шыққан.
Жергілікті учаскелік полицейдің «қамқорлығындағы» тағы бір тұрғын - Натальяның ішімдік ішпегеніне бес жыл болды. Ол өткен күндерін түршіге еске алады.
«Мен өзімнің болашағыма балта шаба жаздадым. Отбасымнан айырылуға бір қадам жақын қалдым. Учаскелік инспектордың арқасында қазіргі таңда толыққанды өмір сүріп жатырмын. Болашаққа жоспарларым көп», - дейді Наталья.
Полиция инспекторларының айтуынша, көптеген тұрғындар ішімдік ішкен туыстары туралы мәлімдемейді. Негізінен олардың нақты саны рейдтер кезінде анықталады. Жаңа Майқұдық Полиция бөлімінде №26 ӨПП инспекторлары өткізген осындай іс-шаралардың бірінде біз де болдық. Айта кету керек, рейд кезінде тек аумақта құқықбұзушылық анықталып қана қоймай, сонымен қатар инспекторлардың жұмысы да бағаланады.
«Қазір бізде негізінен әкімшілік құқықбұзушылықтар тіркеледі. Ұсақ бұзақылық, белгіленбеген жерде қоқыс тастау сияқты. Дегенмен, бұл тәртіп бұзушылықтардың да саны азайып келеді. Бұған арнайы жасақтың аумақты шолуы және «көршілердің бақылауы» жобасын іске қосу ықпал етуде. Сондай-ақ аулаларда орнатылған Жедел бақылау орталығының бақылау камералары өте көмектеседі. Тек біздің учаскеде олардың саны 30-ға жуық. Ал біздің учаскенің маскүнемдері және нашақор азаматтарына тоқталар болсақ, жыл сайын наркодиспансерде есепте тұрғандардың саны азаюда. Соңғы 10 жылда олардың саны 4 есеге қысқарды», - дейді Жаңа Майқұдық ПБ учаскелік полиция инспекторы Кәрім Қалиев.
2018 жылы Қарағанды қаласы бойынша 1772 адам наркодиспансерде есепте тұрды. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10% төмен. Бұған қоса, мәжбүрлеп емдеу қорытындысы бойынша да жақсы үрдіс байқалады. Мұндай емдеуден кейін 10-нан астам адам алкогольді ішімдіктерді ішуді тоқтатты.