​ШЫМКЕНТТЕ «ӘЗІРБАЙЖАН ЭТНОСЫНЫҢ ТІЛІ, МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮРІ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА ӨТТІ

0
981

Мерекелік бағдарлама барысында көрермендерге әзірбайжан халқының бай мәдениеті мен ұлттық өнерінен сыр шертетін түрлі қойылымдар ұсынылды.


​ШЫМКЕНТТЕ «ӘЗІРБАЙЖАН ЭТНОСЫНЫҢ ТІЛІ, МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮРІ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА ӨТТІ

ERNUR.KZ. Бүгін Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) құрылғанына 30 жыл толуына орай ерекше мәдени шара – «Әзірбайжан этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі» атты мерекелік іс-шара өтті. Бұл шара көпұлтты Қазақстанның мәдени алуандығын көрсетуге және этносаралық келісімді нығайтуға бағытталды.

Іс-шараны «Шымкент қалалық әзербайжан мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі мен Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бірлесе ұйымдастырды.

Мерекелік кешке қаламыздың ресми тұлғалары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Заңғарбек Үсіпахметов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүркен Әлімқұлов, сондай-ақ қаламыздағы басқа да этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері құрметті қонақ болды.

Басқарма басшысының м.а. Заңғарбек Үсіпахметов іс-шара барысында құттықтау сөз сөйлеп, жиналған қауымды жақында келе жатқан Республика күнімен құттықтады. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігін сақтаудағы рөліне тоқталды:

«Бүгінгі мереке – халқымыздың бірлігін, этностар арасындағы татулық пен өзара құрметті айғақтайтын тағылымды шара. Қазақстан халқының мәдени байлығы мен тілдік алуандығы – біздің ең үлкен құндылығымыз, ортақ қазынамыз. Республика күні қарсаңында осындай мәдени іс-шаралардың өтуі еліміздегі бірлік пен келісімнің айқын көрінісі және көпұлттық саясаттың жемісі,» – деді Үсіпахметов.

Мерекелік бағдарлама барысында көрермендерге әзірбайжан халқының бай мәдениеті мен ұлттық өнерінен сыр шертетін түрлі қойылымдар ұсынылды. Сахнада әсем билер, әуезді әндер және поэзиялық композициялар орындалды. Сонымен қатар, жеткіншектердің орындауындағы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өлеңдері ерекше әсер қалдырып, екі халықтың рухани жақындығын паш етті. Әзірбайжан жексенбілік мектебінің оқушылары өз өнерлерін көрсетіп, оқытудағы табыстары үшін грамоталармен марапатталды.

Мереке қонақтары сонымен қатар әйгілі әзірбайжан композиторларының классикалық туындыларын тыңдап, ұлттық билердің көркемдігін тамашалады. Мәдени бағдарлама соңында қатысушылар үшін дәстүрлі әзірбайжан тағамдары ұсынылған мол дастархан жайылып, мерекелік көңіл-күйді одан әрі арттырды.

Бұл іс-шара Шымкент қаласындағы этносаралық достықты нығайтуға және жас ұрпақтың Қазақстанның көпмәдениетті мұрасына деген құрметін арттыруға қосылған маңызды үлес болды.


#ҚХА30жыл #30летАНК #Шымкент #shymkent