Атом электр станциясын салу үшін Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарындағы алаңдар қарастырылып жатыр.
"Экологиялық кодекс бойынша I-санатқа жататын кез келген жоба қоғамдық тыңдаудан өтуі керек. Заңмен бекітілген тәртіп бар. Қоғамдық тыңдау құрылыс басталардан алдын ұйымдастырылады", - деді Мырзағалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Осы орайда журналистер қоғамдық тыңдау кезінде халықтың басым бөлігі қарсы болған жағдайда атом электр станциясын салуға тыйым салына ма, жоқ па деп сұрады. Министр бұл сауалға жауап бере алмайтынын жеткізді. Сосын "жарықсыз отырғанша АЭС салған" дұрыс деді.
"Бұл саяси мәселе ғой. Мен энергетика министрі ретінде ғана пікір айта аламын. Біз баланс бойынша станцияны салу қажеттігін анық көріп отырмыз. Екі жол болады. Жарықсыз қараңғыда отырамыз ба, жоқ, әлде қажетті шешімді қабылдаймыз ба, екеуінің біреуін таңдау қажет болады. Осы тұрғыда қарастыруымыз қажет", - деп түсіндірді Мырзағалиев.
Министр қазіргі көмір станциялары 40-50 жыл бұрын салынғанын да еске алды. Сосын бұл энергия өндірудің ескі технологиясы болып саналады.
"Сондықтан бізде былай қарасаң, басқа жол да жоқ. Осыны дұрыс түсінуіміз керек", - дейді Мырзағалиев.
Айта кетері, бүгінде АЭС салу үшін екі алаң қарастырылып жатыр. Бұған дейін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев атом электр станциясын Алматы облысында салудың тиімді тұсын атаған болатын.
Бұдан бөлек, атом электр станциясы Шығыс Қазақстан облысында салынуы мүмкін. Төтенше жағдайлар министрлігі екі алаңда жер сілкінісінің қаупін зерделеп шықты.