Ол Алматы әуежайының халықаралық терминалын таяуда нөсер жаңбыр салдарынан су басқанына арнайы тоқталды.
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
ERNUR.KZ. Бірінші вице-премьер Нұрлыбек Нәлібаев Алматы әуежайының құрылыс барысын сынап, 1 шілдеге дейін аяқтауды тапсырды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Ол өз сөзінде мемлекет басшысы Қазақстанды аймақтағы жетекші транзиттік экономикалар деңгейіне шығару міндетін қойғанын, Үкімет бұл тапсырманы басым бағыт ретінде қарастыратынын және оған жан-жақты қолдау көрсетілетінін баса айтты.
«Бүгін Үкімет басшысының тапсырмасымен әуежайдағы жұмыс барысын көру үшін арнайы келдім. Алматы халықаралық әуежайын жаңғырту – Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі авиациялық хабтардың біріне айналдыруға бағытталған стратегиялық шешім. Алайда жұмыс қарқыны өте баяу. Алматы – туристер көп келетін, ең әсем қаламыздың бірі. Әуежай аумағындағы қаланың көркін бұзатын, туристерге жайсыздық тудыратын құрылыс жұмыстарын 1 шілдеге дейін аяқтау керек. Көсе Гөкер мырза, әуежай маңындағы жолаушылардың, туристердің орынды сын-ескертпелеріне негіз болған, созылып кеткен жұмыстарды аяқтайтын уақыт жетті. Туристер ағыны өсетін жаз мезгілі қарсаңында жаңғыртудың қарқынын да арттырыңыздар, халықтың жағдайын назарға алыңыздар. Ал қала әкімдігі жаңғырту жұмыстарының сапасы мен дер уақытында бітуін қатаң бақылауда ұстауы тиіс», – деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.
Сондай-ақ Алматы әуежайының халықаралық терминалын таяуда нөсер жаңбыр салдарынан су басу оқиғасына арнайы тоқталды. Бұл жағдай қоғамда кең резонанс тудырып, қала тұрғындары мен шетелдік қонақтар арасында жағымсыз реакцияға себеп болды. Осы ретте Премьер-министрдің бірінші орынбасары жұмыстың басты өлшемі - сапа екенін ескертіп, Алматы қаласының әкімдігіне әуежайдың көлік инфрақұрылымын қалалық қоғамдық көлік желісімен, соның ішінде метроның перспективалық бағытымен интеграциялауды тапсырды.


