Қазақстан мен жақын шетелден келген 200 бала еліміз бойынша тамаша саяхатқа жолдама алды

0
1 107

2019 жылғы маусымның жоба қатысушылары 600 баланы құрайды.


Қазақстан мен жақын шетелден келген 200 бала еліміз бойынша тамаша саяхатқа жолдама алды

ERNUR.KZ. Елорданың темір жол вокзалынан «Туған елге саяхат» балалар туристік пойыз» жобасының үшінші маусымының қатысушылары сапарға аттанды. Тоғыз күндік тамаша саяхатқа аттанбас бұрын балалар елорданың көрікті жерлерімен серуендеп, қаланың сәулет өнерін тамашалап, «ЭКСПО-2017» көрмесіне экскурсия жасады. Бұл туралы «Samruk-KazynaTrust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Корпоративтік коммуникациялар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жобаның өткен екі сапарындағы қатысушылар сияқты осы жолы да балалардың көбі елордаға алғаш рет келіп тұрғандарын атап өткен жөн. Балалардың барлығы бірінші күннен-ақ алған әсерлерімен бөлісуде.

«Біз бүгін ЭКСПО кешеніне бардық, Бәйтерек монументін тамашаладық. Бұл менің Нұр-Сұлтан қаласына екінші рет келуім, бірақ мен келген сайын өзіме жаңалық ашамын. Маған бәрінен бұрын балалармен танысқан, сонымен қатар, біздің үлкен екі қабатты автобуста серуендегеніміз қатты ұнады. Мен Қазақстанның басқа қалаларында болған емеспін, бірақ бәрінен бұрын Байқоңыр қаласын көргім келеді, өйткені онда ғарыш айлағы бар және көптеген тарихи ескерткіштерге толы Түркістан қаласын көргім келеді», - дейді Монғолиядан келген 12 жасар қатысушы Балтөбе Тохтамұрат.

Пойызда балалармен бірге тәрбиешілер мен жаттықтырушылар болады, олар күн сайын балаларға арналған ойын-сауықтық және спорттық тренингтер өткізеді. Осындай қанық бағдарламамен қамтылған пойыз қаладан қалаға жолға шығып отырады. Балалар туристік пойызының бағдарламасына Нұр-Сұлтан, Тараз, Балқаш, Байқоңыр және Алматы сияқты қалаларды аралау кіреді.

«Мінекей біз соңғы үшінші сапарды да бастағалы жатырмыз. Шынымды айтсам, жоба аяқталғалы жатқаны сәл өкінішті де. Өткен екі сапар өте керемет болды. Үшінші сапар одан да қызықты болады деп күтілуде. Біз балаларға қызықты бағдарлама, флешмоб және шумақты ұрандар дайындадық. Әр отрядтың өзіндік ерекшелігі бар: біреу ән айтса, біреу өлең оқиды, енді біреу сурет жақсы салады. Осылайша сапар барысында балалардың бір-біріне таланттары мен өнерлерін көрсетуге жағдай жасауға тырысамыз. Мен осы маусымда көптеген балалардың шалғай елді-мекендерден елордаға алғаш келгендерін байқадым, олардың көтеріңкі көңілдері мен жарқын эмоциялары осыған да байланысты деп ойлаймын. Алтайдан, Монғолиядан және Белорусиядан келген қатысушылардың өз құрдастарымен ана тілінде еркін сөйлеулері бізді қатты таңқалдырды», - дейді тәрбиеші-хореограф Марат Өмірбеков.

Пойыз Нұр-Cұлтан қаласына 9 тамыз оралатын болады. Жалпы «Туған елге саяхат» балалар туристік пойыз» жобасы Қазақстанның түкпір-түкпірі мен шетелден келген 600 балаға еліміздің ең көрікті жерлерін аралап, тамашалау мүмкіндігін береді.

Жаздың басынан бастап балалар туристік пойызы өзінің екі сапарын аяқтады, онда Қазақстанның түкпір-түкпірінен 400 бала және көрші елдердегі қазақ диаспорасының балалары еліміздің ең көрікті жерлерін көріп, жаңа оқу жылына керемет әсерлермен қанықты.

Естеріңізге сала кетсек, 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні «Туған елге саяхат» балалар туристік пойызы» жобасының алғашқы маусымы басталған болатын. 1 шілде жоба аясындағы екінші маусым басталды. Барлығы 2019 жылдың жаз айына үш сапар жоспарланған – соңғы саяхат 1 тамыз басталады. Жоба балалардың жан-жақты дамуына, қоршаған әлемге қызығушылығын арттыруға, елдің тарихи және сәулет ескерткіштерімен танысып, патриотизмді нығайтуға бағытталған.

Жалпы 2019 жылғы маусымның жоба қатысушылары 600 баланы құрайды: «Самұрық-Қазына» АҚ шалғай өңірлерде орналасқан, көпбалалы және толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан, оқу үлгерімі жақсы өндірістік кәсіпорындары мен зауыт жұмысшыларының 500 баласы, «Отандастар қоры» КеАҚ-мен серіктестік негізінде шет мемлекеттерден келген қазақ диаспорасының өкілдерінен 50 бала және шығармашылық байқау қорытындысы бойынша Қазақстан бойынша анықталған жеңімпаз 50 бала кіреді.

Жобаны «Қазақстан Темір Жолы» ҰҚ» АҚ жанындағы Әлеуметтік жобалар қоры «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорымен бірге жүзеге асырып жатыр