Қазақстан шығаратын «Шағала-М» дронын Сербия сатып алды

0
553

Ұлттық компания базасында қорғаныс саласына қажетті ондаған жоба пысықтаудан өтіп жатқан көрінеді.


Қазақстан шығаратын «Шағала-М» дронын Сербия сатып алды

ERNUR.KZ. «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы пилотсыз ұшатын «Шағала-М» аппаратының сериялы өндірісін жолға қойып жатыр, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұл туралы акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Теміржан Әбдірахманов ҚазАқпарат сауалына жолдаған жауабында айтты.

«Шынымды айтсам, мен әскери ғылыммен айналысатындардың барлығын біріктіргім келеді. Құзыреттілік орталығы құрылды. Мысалы, ғалымдарымыз бен конструкторларымыз «Шағала» ұшқышсыз ұшу аппаратын жасап шығарса, қазір оны жаңартып, «Шағала-М» сериялы өндірісін жолға қойып жатырмыз. Ол көп функциялы барлау ұшқышсыз ұшу аппараты болады. Жақында біз өз мамандарымыздың әзірлемесін Сербиядан келген серіктестерге саттық. Бұл жаңа өнімдердің алғашқы экспорттық мәмілесі», - дейді компания басшысы.

Ұлттық компания базасында қорғаныс саласына қажетті ондаған жоба пысықтаудан өтіп жатқан көрінеді.

«Қазіргі таңда біз бір мезгілде 70-тен астам әскери және азаматтық жобаны әзірлеп жатырмыз. Алдағы 5 жылдың ішінде нарыққа жаңа өнімдер шығаратынымызға сенімдімін. Жаңа даму тұжырымдамасы аясында өндіріс пен экспортты әртараптандыру жоспарлануда», - дейді Теміржан Әбдірахманов.

Айта кетейік, бұған дейін Қорғаныс министрлігі түркиялық бронды техниканы сатып алу үшін сынақтан өткізетінін хабарлаған болатын.