Жоба «Қазмортрансфлот» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы мен Abu Dhabi Ports арасындағы серіктестік шеңберінде іске асырылуда.
ERNUR.KZ. Баку кеме жасау зауытында Қазақстан үшін салынатын сыйымдылығы 780 TEU болатын алғашқы мамандандырылған контейнерлік кеменің килін қалау рәсімі өтті. Жоба Abu Dhabi Ports Group компаниясымен ынтымақтастық аясында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігі.
Жоба «Қазмортрансфлот» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы мен Abu Dhabi Ports арасындағы серіктестік шеңберінде іске асырылуда. 2027 жылдың соңына дейін Каспий теңізінде контейнерлік жүктерді тасымалдауға арналған екі заманауи контейнерлік кемені салу жоспарланған.
Жаңа кемелер Қазақстанның контейнерлік жүктерді теңіз арқылы тасымалдау мүмкіндігін кеңейтіп, тасымалдардың тиімділігін арттыруға және Транскаспий халықаралық көлік бағыты (Орта дәліз) бойындағы еліміздің позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ іс-шара барысында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен Баку кеме жасау зауытының бірлескен жобалары талқыланды. Екі құрғақ жүк кемесін салу жөніндегі келісімшартқа қол қойылған. Қазіргі уақытта кемелердің дизайндері пысықталуда. Оларды тапсыру 2028 жылға жоспарланған.
Отандық сауда флотын дамыту – Қазақстанның көлік саясатының басым бағыттарының бірі. Биылғы сәуір айында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ алты кеменің, оның ішінде екі контейнерлік кеменің құрылысын салу туралы келісім жасасты. Бұл кемелер Баку кеме жасау зауытында құрастырылады.
Аталған жобаларды іске асыру Каспий өңірінің көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі арттыруға, жүк тасымалы көлемін ұлғайтуға және Қазақстанның Азия мен Еуропаны байланыстыратын маңызды транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейтуге ықпал етеді.


